Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Елді дүр сілкінткен Арыстағы ауыр жағдай теміржол саласын да айналып өтпеді. Төтенше жағдай болған 24-27 маусым аралығында халық көп қатынайтын Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларына пойыз және автокөлік арқылы 15 мыңнан астам жолаушы тасымалданыпты.

Жолда бөгелген пойыздарда қалған жолаушыларға вагон-мейрамханаларда және вокзалдарда жергілікті атқарушы органдармен бірлесе тегін ауыз су мен тамақ берілген. Сондай-ақ, осы аралықта билет кассаларына жүгінген жолаушыларға 50 миллион теңгені құраған билеттердің ақшасы қайтарылыпты. Сондайақ, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Арыс қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына дейін 200 баланы жеткізуге атсалысты.

«Арыста болған төтенше оқиға кезінде Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктері, ҚР ІІМ Төтенше оқиғалар жөніндегі әкімдікпен бірлесе жұмыс істедік. Олар жолаушыларды тасымалдау үдерісіне үлкен көмек көрсетті. Сонымен қатар меценаттар мен еріктілер азаматтық борыштарын абыроймен атқарып, Арыс станциясына жақын маңдағы станциялар мен қалаларға жолаушылар тасымалын ұйымдастыруға көмектесті. Осы қиын жағдайда көмек қолдарын созған жұртшылыққа айтар алғысымыз шексіз», – деп ақпарат таратты «Жолаушылар тасымалы» АҚ атынан Қоғамның баспасөзқызметі.

Қазіргі таңда Арыс станциясы бойынша жол жүру толықтай қалпына келтіріліп, билет кассалары жұмыс істеп тұр.