Жаңа технология жұмысты жүйелендіруде

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Аягөз белгі беру және байланыс дистанциясы үшін соңғы жылдар қауырт жұмысқа толы. Ақтоғай-Аягөз-Шар станциялары аралығынан «Тұлпар-Тальго» вагондарынан жасақталған жолаушылар пойызының өтуі желі бойына жаңа технологиялар енгізіп, қауіпсіздік шараларын еселеп арттыруды талап еткен.

Соның аясында күні бүгінге дейін жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда білікті басшы, шебер маман Айдос Жұлдызбаев жетекшілік ететін ШЧ-30 мекемесі Аягөз-Ақтоғай, Аягөз-Жарма және Жарма-Шар телімдері аралығында қызмет көрсетуде. Жалпы, дистанция бойынша жаңа технологиялар өткен жылдан бастап белсенді түрде енгізіле бастаса, бүгінде оларды қолдану аясы тіптен кеңеюде. Атап айтсақ, линзалы бағдаршамның 145 жиынтығы жаңа жарықдиодты үлгіге ауыстырылыпты. Бұған қоса, байланысшылар жұмысына жасалған тағы бір жеңілдік – дистанция бойынша ОПС-3600 аккумуляторы толығымен іске қосылған болатын.

Қазіргі күні Ақтоғай, Аягөз және Шар станцияларында заманауи сандық қондырғылармен бірге МС04DSL мультиплексорлары да жаңадан орнатылған.

Жаңашылдықтың тиімділігі мол екеніне аягөздік байланысшылар айқын көз жеткізуде. Мәселен, Тальго пойызы жүргенге дейін дистанцияда өткен ғасырдың орта шенінде шығарылған құрылғылар пайдаланылған болатын. Атап айтсақ, әуе желілерінің жауын-шашын мен боранды күндері тиімсіздігі байқалатын. Ал осыған дейін Ақтоғайдан Шар станциялары аралығына орнатылған оптикалық-талшықты кабельдер және МС-04 PCL сандық құрылғыларын қолдану жұмыстың жүйелі жүргізілуіне оң жағдай жасады. Тағы бір айта кетерлігі, жаңашылдық аясында дистанцияда қалыптасқан екі мамандықты қоса атқару әдісінің маңыздылығы тіптен арта түскен. Біраз жыл бұрын аға буын өкілдері енгізген жолшы ісін қоса атқару шарасының тиімділігі еселенді. 

Осыған дейінгі көрсеткіш бойынша, бұл тәсіл ШЧ-30 мекемесіне қарасты 29 станцияның басым көпшілігінде қолданылуда.Жаңашылдық демекші, осыған дейін «ҚТЖ» ҰК» АҚның рационализаторлық қызметті ұйымдастыруда үздік филиал» атағын бірнеше мәрте иеленген дистанция биыл өндірістегі еңбек өнімділігін арттыруда жаңа ұсыныстар әзірлеуде.

– Қазіргі күнге дейін дистанция байланысшылары өз салалары бойынша, жылжымалы құрамның ақауға ұшырауына, пойыздардың кестеден кешіктірілуіне жол бермей келеді. Алдағы меже де осы – техникалық қызмет көрсету бойынша ақаулықтарға жол бермеу. Жаңа технология нәтижесінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – магистральдық желі дирекциясының үздік бағасын бұрынғы жылдардағыдай алдағы уақыттарда да алуға үміттіміз, – дейді пікір білдірген тәжірибелі аға буын өкілі, дистанцияның аға электрмеханигі Еркін Аимов.

Жалпы, Семей магистральдық желі бөлімшесінде байланыс және белгі беру саласында ЭЦ құрылғылары мен аспаптарын ескірген ғимараттардан заманауи жаңа модульдерге ауыстыру ісі де сәтімен жүзеге асырылуда. Қазіргі күні әр станцияда мұндай 4 нысан жұмыс істеп тұр. Сол тәрізді қумажолдар бойындағы КТСМ постыларын жаңа модульдерге ауыстыру ісі де орын алып, бүгінде 6 нысан қызмет көрсетуде. Бұл жаңашыл жетістіктер ішінде аягөздік байланысшылардың да қомақты үлесі бар.