«Нұрлы жол»: сәтімен жүзеге асқан жоба

Семейлік теміржолшылар еңбегіне қарқын алдырған бірден-бір шара мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы болып отыр. Осы жобаның ел шығысында сәтімен жүзеге асуы өз кезегінде бөлімшедегі жүк тиеу және жүк түсіру жұмыстары бойынша оң көрсеткіштерге себеп болып отыр.

Жыл сайын белгіленген жоспардан тыс қосымша жүк тасымалдануда. Мәселен, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында осыған дейін қызметтік тәртібі бірқалыпты саналатын Суықбұлақ станциясындағы жүк тиеу көрсеткіштері анағұрлым жоғарылап отыр. Себебі, аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында халықаралық және республикалық маңыздағы автожолдарды салу үшін станция аумағынан қиыршық тас өндіретін қуаттылығы жоғары зауыт ашылды.

Сол тәрізді 1 класты Жаңа-Семей жүк станциясынан темірбетонды өнімдер мен «Силикат» ЖШС-ның кірпіш өнімдерін тиеу де арттырылған.

Дәл осындай жайт әсіресе күрделі жөндеуден өтіп жатқан республикалық маңыздағы Қалбатау-Майқапшағай күре жолы жанындағы 3 класты Жаңғызтөбе станциясында да орын алуда. Мұндағы ашылып жатқан зауыт иелері тарапынан қосымша кірме жолдар мен тұйық желілер салу туралы іскерлік ұсыныс түсуде. Сонымен қатар, аталған станция бойынша жүк түсіру көлемі күрт артуы себепті биылғы жылғы меже бойынша 7 800 вагонға жеткізілмек.

Қазіргі таңда мұнда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы құрылыс үшін битум, металл конструкциялар, ТБҰ, қиыршық тас түсірілуде. Бұл жұмыстардың аясында жыл басынан бері пысықталған бірқатар жоспарлы шаралар да іске асырылуда. Атап айтсақ, Семей теміржолы – республикамыз бойынша ағаш өнімдерін тасымалдайтын бірден-бір бөлімше. Қымбат бағалы құрылыс материалдарына жататын орман өнімдерін тиеу мен түсіру және ел түкпіріне жеткізу ісі соңғы жылдары оң динамикаға ие. Мәселен, өткен жылы компания бойынша орын алған ағаш тасымалының 26 пайызы семейлік теміржолшыларға тиесілі. Жүк тасымалының бұл түрі бойынша былтырғы жылғы жалпы көлем 247,8 мың тоннаны құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 44 пайызға артқан болатын.

Семей ЖТ бөлімшесінің логистика және тасымалды ұйымдастыру бөлімі мамандарының айтуынша, бұл көрсеткіш биылғы жылы да еселеп өседі деп күтілуде. Оған себеп, соңғы 4 айдың көрсеткіші бойынша ағаш өнімдері 90,4 мың тоннаны құрап, өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырмалы түрде алғанда 17 пайызға артық орындалыпты.

Жалпы, Семей теміржолы бойынша құрылыс материалдарының тасымалы Қаражыра көмірінен кейін екінші орында тұр. Ағымдағы жылы жергілікті теміржолшылар толық көлемі 12,0 млн тоннаның үстінде жүк тасымалдауды жоспарға алып отыр. Оның ішінде әлбетте, мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы құрылыс заттарының үлесі мол болмақ.