«1000 теңгеге баспана!» атты жобаға қатысты

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Семейлік «Транстелеком» АҚ филиалының жастары ерекше бастаманы қолға алды. Төл компанияларының құрылғанына 20 жыл толуына орай жас буын қайырымдылық акциясын өткізу туралы ұсыныс көтеруде.

Бүгінде байтақ еліміз бойынша «1000 теңгеге баспана!» атты корпоративті мейірімділік жобасы өткізіліп жатқаны мәлім. Дегенмен, аталмыш қайырымдылық шарасы ел шығысында кенжелеп жатыр. Осыны межеге алған жастар 20 жылдық мерейтой аясында осынау жобаға компания болып қатысып, көпбалалы отбасыға баспана әперуге атсалысуға үндеуде.

– Оған бір күндік жалақыны аудару арқылы да үлес қосуға болады. Бұл әділ әрі тиімділігі тіптен мол шара болар еді. Осы арқылы елімізді өркендетуде талмай үлес қосып келе жатқан компаниямыздың әлеуметтік бастамалар бойынша имиджін арттырып, аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік тұрғыдан қамту бастамасына үн қосар едік, – дейді семейлік бастамашыл жастар.

Қазіргі күні жастар өз ұсыныстарын «Транстелеком» АҚ қызметкерлеріне жолдап, ғаламтор арқылы үндеу жасады.

Айта кетсек, аталмыш корпоративтік жобаны семейлік теміржолшылар арасында тұңғыш рет аягөздік локомотившілер қолға алған болатын. «Харекет» қайырымдылық қорына қомақты қаражат аударылғанды. Ал, семейлік «Транстелеком» АҚ филиалы қызметкерлері осынау шара аяқсыз қалмай, сала қызметкерлері арасында жалғасын таба берсе деген ізгі мақсаттарын сөз емес, іс жүзінде дәлелдегісі келеді.