Балалар Машат пен Әл-таир сауықтыру лагерінде демалып жатыр

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылорда ЖТ бөлімшесіне қарасты мекеме теміржолшыларының 125 бүлдіршіні биыл Машат пен Әл-таир балаларды сауықтыру лагерінде демалып жатыр. Бөлімшелердің кадр бөлімі мамандары мәлімдегендей, алғашқы лекпен 75 бала 14 күн демалып келіпті.

Биыл да жылдағы дәстүрмен маусымнан бастап кадр бөлімінің мамандары бүлдіршіндердің құжаттарын ретке келтірсе, бөлімшелердің және әр мекеменің кәсіподақ ұйымы жол жүру құжаттарын рәсімдеу мен жол шығындарын әзірлеумен айналысып, балаларға қуаныш сыйлау қамданысын бастап жіберген. Балалардың алғашқы легімен 75 бала Түркістан облысындағы Машат сауықтыру лагерінде 14 күн демалып келді. Лагерьге жолдама мекеме есебінен төленетіндіктен ата-аналар толық құнының тек 10 пайызын ғана төлейді. Балаларды лагерьге апарып, алып келу кезінде әр кезекте бір медициналық қызметкер олардың денсаулығына жауап беріп, он балаға бір жетекші тағайындалып, ас-суымен қамтылуына және тағы басқа жауапкершілікке міндеттеледі. 

– Биыл Қызылорда ЖТ бөлімшесіне қарасты мекемелер теміржолшыларының балаларын сауықтыру лагерінде демалдыру үшін Машат лагеріне жалпы 125 жолдама берілген болатын. Жолдаманы ең бірінші кезекте көпбалалы, толық емес отбасы, оқу озаты әрі ерекше қабілетті балалар, облыс орталығынан шалғай бекеттерде тұратын теміржолшылардың балаларына беру басты назарға алынды. Алғашқы кезекпен 75 бала лагерьге барып демалып та үлгерді. Жаз қызығы таусылған ба?! Балалардың алған әсері ұшан-теңіз. Енді екінші кезекпен 50 баланы шілде айында жіберуге дайындап жатырмыз, – дейді Қызылорда ЖТ бөлімшесі кадр бөлімінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі инспекторы Шамшагүл Көмекбайқызы.