Аса қауіпті ақау анықталды

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Өткен аптада бейнеулік вагон қараушы Алдаберген Қалиев жүк пойызының бір вагонынан күрделі ақау тауып, апаттың алдын алды.

Бейнеу станциясына күндізгі сағат 12.30-дарда келіп тоқтаған жүк пойызының вагонынан, нақтырақ айтқанда, үшінші доңғалақ жұптағы шанақтық тораптың полиамидті сепараторынан табылған ақау расында қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндірген техникалық күрделі кемшілік болатын. Жеке меншікке тиесілі жүк вагоны 2 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен екен. Соған қарамастан ақау бейнеулік вагон қараушының сауатты іс-әрекеті арқасында анықталып отыр.

Бейнеудегі техникалық қызмет көрсету қосынының бастығы Нұралы Қылышовтың айтуынша, аса күрделі ақау дер кезінде табылмағанда, ол барлық құрамға залалын келтіріп, шанақтың сынуынан пойыз апатқа ұшырауы мүмкін екен.

Бейнеу станциясында сонау 1992 жылдан бері вагон қараушы болып еңбек ететін Алдаберген осы аралықта вагон шаруашылығының қыр-сырын меңгерген білікті маманға айналды. Бұған дейін де бірнеше ақауларды тауып жүр. Басшылық тарапынан еңбегі үнемі бағаланып жүрген вагон қараушы бүгінде 4 баланың әкесі, үлкені Азамат та еңбек жолын теміржолда бастап отыр. «Ақауларды анықтау – бұл біздің міндетіміз. Қозғалыс қауіпсіздігін сақтау арқылы еліміздің жүк және жолаушы тасымалындағы мінсіз қызметін қамтамасыз еткіміз келеді», – дейді тәжірибелі теміржолшы.