Қазақстанның ең ыстық нүктесі

Маңғыстаудың Түрікменстанмен шекаралас Болашақ станциясы дәл бүгінгі таңда еліміздің ең ыстық нүтесі болып тұр. Ауа температурасы тым жоғарылап... 50 градусқа дейін жеткен Болашақта тұратын теміржолшылар шілденің ішінде сынап бағанасы бұдан да көтерілуі мүмкін екенін айтады.

Ми қайнатар аптап ыстықта да тіршілік етіп, жұмыстарын жүргізіп отырған станция теміржолшыларының төзімі мен қайсарлығына бас июге болады. Ірілендірілген Маңғыстау жол дистанциясының осы станциядағы №8 өндірістік теліміне басшылық ететін Болат Абатаевтың айтуынша, жолшылар ауа-райының қолайсыздығына байланысты таңертеңгілік күн қағу шақтарда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасап, күнделікті белгіленген жоспарларын орындауда.

– Сондықтан таңғы салқынмен жолдың ағымдық жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Таңғы 6-дан бастап сағат 9-10-ға дейін жолды шаблон бойынша қайта тігу, түю, қапталға ысыру жұмыстарын жүргіземіз. Ал күн ыси бастағанда болттарды қатайту, жолдың жиегіндегі шөптерді және қоқыстарды тазалау жұмыстарына кірісеміз, – дейді телім бастығы Болат Асқарұлы.

Оның айтуынша, телім жолшылары Болашақ станциясынан Бестөрткүл және Құрмаш бекетіне АГД, Камаз, Уаз көліктерімен шығады. Ал Тайғыр бекетінде бір бригада басында болып, жол күтімін жасайды. Оларға бір Уаз автокөлігі бөлінген. Болашақ станциясының өзінде бір жол шебері мен 2 жол бапкері еңбек етеді.


Қайнап тұрған күн астында жүріп жол күтімін жасайтын жолшылардың еңбегі қашан да зор құрметке лайықты. Әсіресе, Кенжебай Түрікменбаев, Роман Нұриханов, Нұржан Амандықов, Мақсат Құрметов, Ербол Сарбалаев, Кеңес Мұңалбаев, Қыдырбай Үкібаев, Абай Тоқтасынов, Нұртас Басарбаев сынды жол монтерларының жұмысын ерекше атап өтті телім басшысы. Болашақ станциясы шекара аймағы болғандықтан станция жұмысшылары мерзімі бір жылға жарайтын арнайы рұқсат қағаз алады. Тексерушілер келетін болса да олардың тізімі алдын ала шекара басшыларына беріледі екен.

Осындай негізгі жұмыстарынан бөлек олар Болашақтың мәдени, спорттық өміріне де белсене араласатын жол шылар қауымы, әсіресе, ұлттық ойындар ішінде арқан тартудан үнемі алда болады екен. Бұл жағынан оларға тең келер ешкім жоқ. Сонымен қатар қазақ күресінен де жақсы нәтиже көрсетеді. Соңғы ойындарда олар баскетбол мен волейболдан бірінші орын алыпты.

Ал жұмысшылардың баспанамен қамтылуы жағынан айтар болсақ, отбасылы барлық жолшылар түгелдей пәтермен, ал бойдақтар жатақханамен қамтамасыз етілген.