Бас ревизор кешенді тексерді

Жақында Бейнеу станциясы торабында пойыздар қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған кешенді шаралар жүргізілді.

Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі директорының орынбасары Ерлан Бүркітовтің айтуынша, тексеру басталған күні таңертеңнен бас ревизор Болат Дүйсәлиевтің және тораптық басшылар мен жұмысшылардың қатысуымен кеңейтілген отырыс өткізілді. Жиында филиалдың жыл басынан бергі 5 ай жұмыс қорытындысы тыңдалды және ағымдағы жағдайды жақсарту бойынша керекті шаралар туралы баяндалды.

Тексеру жұмыстарына машинистер де, вагон қараушылар да белсене қатысты. Сосын жұмысшылар үшін инфрақұрылым нысандарын оқу-көрсеткіштік тексеру жүргізілді. Станция бастығы Есет Хайруллин, Бейнеу жол дистанциясының директоры Берікбай Айтыманов пен сигнализация және байланыс дистанциясының басшысы Құсайын Құттыбаев пен басқа да құрылымдық мекемелер бастықтары мен олардың орынбасарлары техникалық құралдардың ақаулықтарын анықтау тәсілдерін көрсетуге атсалысты. Бұл сол құралдарға қызмет көрсететін жұмысшылар үшін маңызды болды. Одан әрі станцияда жұмыс орындарына тосыннан тексеру жүргізілді. «Мұның бәрі жоспарланған шаралар шеңберінде жүзеге асты және пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін нығайтуға бағытталады», – дейді Е.Бүркітов.