Атырауда кірме жолдар неге сапасыз?

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Атырау жүк тасымалы бөлімшесінде кірме жолдардың жағдайы, оларды күтіп-ұстау және қауіпті жүктерді тасымалдау, вагон паркін сақтау тақырыбында селекторлық жиналыс өтіп, оған көлік прокуратурасы, көлік инспекциясының өкілдері, кірме жолдардың иелері, темір жол мекемелерінің мамандары мен станция басшылары қатысты.

Жиынды жүргізген бөлімше басшысы Мағауия Оразқұловтың атап өткеніндей, Атырау облысы аумағында 851,8 шақырым магистральдық, 327,6 шақырым станциялық және 160 кірме жол бар. Теміржол көлігінде негізгі қауіпсіздіктің сақталмауы – магистральдық және кір ме жолдарда күнделікті күтіпұстау жұмыстарының жүргізілмегендігінен болады, соның кесірінен жылжымалы құрам жолдан шығып кетеді. 2019 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 4 жылжымалы құрамның жолдан тайып кету оқиғасы тіркелген. Олар «Достық-А», Нұрсағитов ЖК, «Жолаушылар тасымалы» АҚ, «Батыс» АФ кірме жолдарында орын алып, тепловоз жолдан шығып кетсе, «Батыр-2017» ЖШС кірме жолында бір вагон жолдан шығып кеткен. Оларға әкімшілік іс қозғалып, 60600 теңге айыппұл салыныпты.

Мұндай жағдайлар 2018 жылы да болған. «Ғимарат» ЖШС кірме жолында 3 вагон жолдан шығып, 295663,29 теңге шығын келтірілсе, «Индер темір жолы» ЖШС-да маневрлік тепловоз жолдан тайып кеткен. Бұл жерде кірме жолдардың сапасы төмендігімен қатар, машинистердің тынығу мүмкіндігі болмауы себебі де бар. Сондықтан «Индер темір жолы» локомотив бригадаларының демалуы жөнінде Мақат локомотив депосымен келісімшартқа отырып, дұрыс шешім қабылдаған. Бөлімше басшысының айтуынша, жылжымалы құрамның жолдан шығып кетуінің негізгі себебі – кірме жолдардың жоғарғы қабатының сапасыздығынан болып отыр. Негізгі темір жолдың бұтағы саналатын кірме жолдардың иелері жөндеу жұмыстарын жүргізуге құлықсыздық танытады. Олар тек пайданы ойлайды. Ал қауіпсіздікті сақтау үшін жол жөндеп, шығын шығаруға жоқ.

Жиында айтылғандай, вагон паркін сақтау мәселесіне келсек, 5 айда бөлімше бойынша 11 вагон бүлінген 5 жағдай орын алған. Көбіне вагондар кірме жолдардан шығып, станцияға келгенде ақаулы екені анықталады: дәнекерлеген жері шығып кеткен, есіктері бүлінген, вагон доңғалағының буксы теріс айналып кеткен, вагон шанақтары соғылған, т.б. ақаулар. Ал жүк жөнелтушілер вагонның ақаулығына салдырсалақ қарайды. Соның салдарынан жолдан шығып кету орын алады. Өткен жылы 5 айда вагон бүлінуінің 8 жағдайы орын алып, Шоқпартоғай учаскесінде 5 вагон, Теңдік станциясының «Ембімұнайгаз» АҚ ӨТҚжЖК-да 3 вагон жолдан шығып кеткен. Екеуінде де жүк жөнелтушілердің кінәсінен. Бүлінген вагондардың артуы жүк тиеу-түсіру және маневрлік жұмыстар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің талабының сақталмауынан болып отыр. Соған сәйкес жүк тиеу/түсіру кезінде бақылауды күшейту міндеті қойылады. Жалпы бөлімше бойынша өткен 4 айда 126 вагон бүлінген 65 жағдай орын алған. Олардың негізгі себептері кірме жолдардың сапасыздығы, маневрлік жұмыстарды дұрыс жүргізбеу және жүк тиеу-түсіру ережесін бұзу болып табылады.

Бүгінгі күні клиенттердің тапсырыс бойынша вагондармен қамтамасыз ету және реттеуді «Қазтеміртранс» АҚ аймақтық өкілдігі жүзеге асырады. Тасымал құжаттарын рәсімдеудің ашық түрде болуын қамтамасыз ету үшін жүк жөнелтушілер мен қабылдаушылардың құжаттамасы АСУ ДКР жүйесі бойынша жүзеге асырылады. Оның үстіне, осы бағытта бірте-бірте электронды жұмыс түріне көшуге басымдық беріліп келеді. Алайда, түсіруге келген вагондардың кірме жолдарда тұрып қалу проблемалары да кездеседі: ауа райының қолайсыздығы, кірме жол қожайыны локомотивінің жұмыс істемеуі, кран машиналарының істен шығуы, жүк жөнелту-қабылдаушылардың жұмыс уақытының сәйкес келмеуі, т.б.

Жиында сөз алған Атырау көлік инспекциясының маманы Ж. Іздебаевтың айтуынша, 2018 жылдың 12 айында жүргізілген тексерулер нәтижесінде темір жол көлігін пайдалану қағидаларын бұзушылық анықталып, 3 кірме жол, кірме жолдардағы 7 жол және 41 бағыттамалы бұрманы пайдалану тоқтатылған. Кірме жолдарда күтіп-ұстау салдарының кесірінен жол берілген қауіпсіздік қағидаларын бұзушылық бойынша 9 әкімшілік іс қозғалып, 220057,50 теңге айыппұл салыныпты. Мұның бәрі – кірме жолдар иелерінің жауапсыздығынан болып отырған жайттар. Соған орай, бөлімше басшысы М.Оразқұлов жазғы уақытқа қарай кірме жолдарда жүк тиеу-түсіру жұмыстарының көбейетінін алға тарта отырып, жолдардың техникалық жағдайы үнемі нормаға сәйкес келе бермейтінін айтты. «Сондықтан да Сіздерден сұрайтынымыз – өз баланстарыңыздағы кірме жолдардың жағдайын бақылауда ұстап, уақытылы жөндеу жүргізіңіздер. Кірме жолдардың техникалық талапқа сай болуы, тұтастай алғанда, қауіпсіздік кепілі болып табылады» дей келе ол, вагондардың кірме жолдарда ұзақ тұрып қалмауы үшін тиеу-түсіру жұмыстарын да алдын ала жоспарлап алуды қаперге берді.