Түркістанда пойыз құрастыру өндірісі іске қосылады

Түркістанда пойыз құрастыру өндірісі іске қосылады деген болжам бар. Бұл туралы қытайлық «BYD» компаниясының өкілдері мен облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев арасында өткен кездесуде мәлім болды.

Шетелдік компания Түркістанда туристерге арналған жеңіл теміржол пойызын құрастыру мақсатында жергілікті елдімекенді көзбен көріп, зерттеуге келіпті. Алдағы үш күн бойы қытайлық сарапшылар пойыздың жүру бағыты бойынша жолдарды, жол бойындағы теміржол станцияларын және инфрақұрылымдарды егжей-тегжейлі саралап, жеңіл көліктің бағдарын сызатын болады.

Бұл іссапар – Түркістан облысы әкімдігі мен «BYD» компаниясы арасында бұрынырақ қол жеткізілген келісімдердің нәтижесі.

«BYD» – жоғары технологиялық компания, ҚХР-дағы жеңіл теміржол көліктерін және электрлі вагондар жасау бойынша ең ірі өндіруші болып табылады. 1995 жылы құрылған компанияда бүгінгі таңда 240 мыңдай адам еңбек етеді. Компания электроника, автокөліктер, жаңа энергетика және теміржол салалары бойынша 30-дан астам индустриалды парктерге ие.