Жолаушы тасымалы: сұраныс – сапалы қызмет

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Жаз мезгілінде жолаушылар нөпірі көп болатыны белгілі. Соған орай тасымалдау ісінде вагондар жеткілікті болып, жолаушыларды діттеген жеріне жайлы және уақытылы жеткізу бірінші кезектегі міндетке айналады.

 «Жолаушылар тасымалы» АҚ Атырау телімінің бастығы Ә.Есқалиевтің айтуынша, өңірден құрамдалатын бағыттарда вагондар саны жеткілікті, персонал сервистік қызметке, қысқасы, жазғы тасымалға сақадай сай .

Телім бастығы Атырау-Астана бағытында екі құрама жүретінін, оның ішінде 11 купе-плацкарт және 11 «фирмалық» статусы бар вагонға тағы 4 вагон қосылып отырғанын жеткізді. Сол секілді, №№41-42 Атырау-Алматы бағытында 3 құрама бар екен, негізгі жүретін 15 вагон болса, оған тағы 4 вагон қосылып, орын саны 802-ден 870-ке жеткен. «Тальгода» 12 плацкарт, 7 купе бар. Атырау-Астрахань бағытында бүгінгі күні 4 вагон жүрсе, АтырауМаңғыстау бағытында қазіргі уақытта 10 вагоннан 3 құрама күн сайын жүріп тұр.

«Вагон-Сервис» мекемесі Атырау телімінің басшысы Қайрош Қаржаубаевтан білгеніміздей, бұл вагондар саны сұранысқа қарай өзгеріп, деполық не күрделі жөндеуден келген вагондармен толықтырылып отырады. Бүгінгі күнге тағы 63 вагон жөндеуден өтуде. Ал жолсеріктер бригадасынан қай бағытта да сапалы қызмет көрсету талап етіледі. Соның ішінде күнара Астанаға қатынайтын «фирмалық» статусы бар №47-48 «Каспий» жолаушылар пойызының Өтегенов Ильяс басқаратын бригадасы үздіктер қатарында.

Елордаға пойыз бар болғаны күн жарымда жетіп барады. Және қазір жаздың уақыты болған соң, қосымша вагондар қосылып жатыр. Яғни, пойыз бригадасының жауапкершілігі де артады. «Жолаушы тасымалы жанданатын жаз маусымы басталды. Нағыз қарбалас шақ, жолаушылар ығы-жығы, әрқайсысының бабын табу оңайға соқпайды. Вагонның санитарлық жағдайын ғана емес, жолаушылардың тыныштығымен қатар денсаулығын да қадағалаймыз. Егер қатты ауырып келе жатқан болса, «жедел жәрдем» шақырып, медициналық көмек алуына жағдай жасаймыз. Вагондар қосылғасын қазір бригада құрамының саны да артты, бригадамыз 27 адамға дейін көбейді. Үздік бригада атану үшін жолаушы халық тарапынан бірде-бір шағым естімей, мінсіз жұмыс үлгісін көрсету керек. Ол мүмкін бе? Білмеймін. Бірақ біз қолдан келгенше халық сұранысына сай сапалы қызмет ұсынуға тырысамыз», – дейді жақсы атымен танылған бригада бастығы Ильяс Өтегенов.