Теміржолшылар балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды

Нұр-Сұлтан станциясында астаналық локомотив пайдалану депосы мен әскерилендірілген теміржол күзеті қызметкерлерінің бірлесуімен теміржолдағы қауіпқатер, жарақат алу мен құқық бұзушылықтан сақтануға үндеген профилактикалық рейд өтті.

Олар астаналық станцияны аралап, теміржолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтіп жатқан адамдарды тоқтатып, бұл олардың өмірі үшін қаншалықты қауіпті екенін түсіндіріп, ақпараттық парақшалар таратты. Міне, санаулы күннен соң мектеп оқушылары үшін үш айға созылатын жазғы каникул басталмақ. Әрине, жаз қызығы – балалар үшін қашан да сағына күтетін ерекше оқиға. Бірақ бүлдіршіндер асыға күткен жазғы каникул үшін теміржолшылар алаңдаулы. Өйткені, олар енді жаз бойы өздеріне қосымша міндет жүктеп, ересектердің қадағалауынсыз қалған балалардың теміржол бойын ойын алаңына айналдырып, қауіпқатерге ұрынбауын қадағалайды.

Бүгінгідей акция бүкіл теміржол бойындағы барлық станцияларда дерлік өтуде. Теміржолшылар ересектерге теміржолдан өткенде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, өз өмірлерін қатерге тікпеуді, сондай-ақ балаларын қараусыз қалдырмауды сұрайды.