Жамбылда спорттың бірнеше түрінен жарыс басталды

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның 2019 жылға арналған бұқаралық спортты дамытуға бағытталған күнтізбелік жоспарына сәйкес Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің құрылымдары арасында спорттың бірнеше түрінен жарыс басталды.

Жеңіс күніне орай жалауын көтерген спорттық шара осы айдың соңына дейін жалғаспақ. Алдымен шахматшылар сайысы жарыс шымылдығын түрді. Бұл бәсекеде Тараз локомотив жөндеу депосының менеджері Әділхан Бекбердиев, ЭЧ-21 өндірістік оқыту шебері Марат Құлбаев, ВЧДЭ-27 вагон қараушысы Андрей Швалев жеңімпаздардың алғашқы үштігінен көрінді.

Ал волейболдан өткен ойында «Тараз» станциясының жігіттері қарсылас шақ келтірмей 1-орынды иеленсе, Шу ТЧЭ-30 командасы – екінші, ТЧЭ31 командасының машинистері үшінші орынның тұғырына көтерілді.

– Спорттық шара ең алдымен теміржолшылардың салауатты өмір салтын берік ұстанып, олардың достық, бірлік, ынтымақ сынды құндылықтарды қадірлей білуіне бағытталып отыр. Жарыстар мұнымен аяқталмайды. Ай соңына дейін шағын футбол, жеңіл атлетика, дартс, үстел теннисі, кір тасын көтеру, дойбы сынды көпшілікке жақын, етене таныс спорт түрлері бойынша бәсекелер өтеді, – дейді Жамбыл магистральдық желілер бөлімшесінің спорт жөніндегі нұсқаушысы Евгений Тян.

Бұл жарыстардың бір ерекшелігі – онда тек қана еңбек етіп жүрген теміржолшылар ғана емес, олардың отбасы мүшелері мен зейнеттегі сала ардагерлері де қатыса алады.