Азаматты ісіне қарап таны

Аягөз станциясындағы тауар кассасында қызмет қашан да қауырт. Құрылыс жүктері мен ауылшаруашылық шикізаттарын жөнелтуші тұрақты әріптестермен қатар, соңғы кезде теміржол тасымалына жаңадан тартылған клиенттер қатары артып отыр.

Аягөз станциясының тауар кассирі Азамат Ноғайбаевтың айтуынша, оған қуанбаса, ренжитін ешкім жоқ. Жұмыс көбейгені бізге жақсы дейді. – Өткен жылдың дәл осы мерзімінде жалпы көлемі мыңнан аса вагонның тауары қабылданып, жүк жөнелтілсе, биыл бұл көрсеткіш еселеп өсті. Әсіресе, құрылыс материалдарын өндіретін «АлинаХолдинг» сынды басты әріптестің кәсіпкерлік аясын кеңейтуі вагондар сұранысын арттырып отыр. Бұл мекеменің бір өзі мыңнан аса вагонға тапсырыс беруге қауқарлы, – дейді Азамат.

Аягөздік жүк жөнелтушілер құрылымы жағынан әр алуан. Соңғы жылдары, әсіресе, жергілікті өнеркәсіп өнімдерін тиеу-түсіру ісі күрт жоғарылапты. Оның жарқын мысалы құжаттарды өңдеу ісіненақ айқын байқалады. Атап айтсақ, Азаматтың бір өзі өткен жылдың наурыз айында 315 құжатты өңдесе, биылғы жылдың есепті мерзімінде 618 құжатты қолынан өткізіп, өндіріске жіберген. Яғни, жүк қабылдап-жөнелту ісі екі есеге дейін өсті деген сөз. Дәл бүгінгі сәттері вагондардың келу-кету құжаттарын рәсімдеу, қабылдап алу-жөнелту жұмыстары қызып тұр. Ал осы жұмыстың бел ортасында Аягөз өңіріне танымал Ноғайбаевтар династиясының үшінші буын өкілі Азамат Болатұлы білек сыбана еңбек етуде.

– Аймақтағы логистика саласының білікті маманы Еркін Тойкеновтің жетекшілігімен, ақыл-кеңесімен жұмысымыз жыл сайын алға басуда. Жалпы аймақ бойынша ең ірі аграрлық, өндірістік және өнеркәсіптер үшін шикізаттық аймақ саналатын Аягөз өңіріндегі кәсіпорындар қазіргі күні 85 пайыз теміржол көлігін пайдаланады. Міне, сол себепті де, бұл бағыттағы жұмыстардың жауапкершілігі аса жоғары. Ал Аягөз тауар кассасында жүкті жеткізу бойынша клиенттермен жүргізілетін жүк құжаттар легі 100 пайыз электронды түрде атқарылады. Цифрлы технологияның игілігін толық көріп отырмыз, – дейді Азамат.

Жас та болса тындырымды елгезек маман Азаматқа жүктелген жауапты жұмыс көп. Мәселен, әріптестік аясын кеңейте түсу мақсатында жаңа келген клиенттерге, яғни, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға жаңа жүйемен жұмыс жасауды үйрету сынды көмек те көрсетіледі. Осы орайда, Аягөз станциясы бойынша да «ҚТЖ-ЖТ» АҚ-ның дербес клиенттер саны артып, іскерлік байланыс шараларының нығая түсуі байқалуда. Аягөз өңірі бойынша жаңадан ашылған ірі өндіріс ошақтарын, кәсіпорындарын теміржол қызметін пайдалануға тарту және жүк тасымалдауды автокөліктен шойынжолға көшіру шаралары станция басшылығы тарапынан жүйелі жүргізілуде екен. Азаматтың айтуынша, құжаттарды өңдеу ісіндегі технологиялық үдеріс, жаңашылдықтардың игілігі нәтижесінде жұмыс көлемінінң артуы тауар кассасына еш ауыртпалық әкелмейді.

Бәрекелді, «Азаматты ісіне қарап таны» деген осы. Айтпақшы, теміржолшылар отбасында, Түрксіб дәуірінен басталатын династиялық әулетте өмірге келген 30 жастағы Азамат қоғамдық өмірде де белсенді, станцияда өтетін шараларды басқарып жүргізетіні өз алдына, Жайдарман ойындарының белді мүшесі. Отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған әке болашақта перзенттерінің де ата жолын қуып, теміржолшы болғандарын қалайды екен.