Мамандардың біліктілігін арттыруға арналған семинар өтті

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ орталық аппараты мен ел өңірлердегі филиалдардың заң және кадр қызметтері мамандарының біліктілігін арттыруға арналған үш күндік семинар өтуде.

Семинарды «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Басқарма төрағасының корпоративтік қамтамасыз ету және даму жөніндегі орынбасары Әділжан Исмухамбетов ашып, қатысушыларға: «Оқу-білім қай жаста да, қандай қызметтік мансапта да қажет. Ал бұл семинар Қазақстан Республикасының заңдарымен тығыз жұмыс істейтін заңгерлер, кадр саласы қызметкерлеріне өте керек, жұмыстарын сауатты әрі жемісті жүргізуге септігін тигізеді. Сондықтан үш күндік семинардан алар білімдеріңіз мол болсын», деген тілегін білдірді.

Семинарды ұйымдастырушы – «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Құқықтық қамтамасыз ету департаменті мамандарының айтуынша, жыл сайын заң қызметі қызметкерлерінің білім-біліктілігін арттыру бойынша оқыту үшін семинарлар өткізуге қызметтерді сатып алуға қаржы бөлінеді екен. Өткен жылы осыған ұқсас семинар «ҚТЖ» ҰК» АҚ Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен Ұлттық компанияға қарасты компаниялар тобында жұмыс істейтін заңгерлерге арналып өткізіліпті. Ал биыл «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның құқықтық қамтамасыз ету департаменті өз күштерімен Қоғамның филиалдарының заңгерлерін, кадр саласы менеджерлерін және филиалдар басшыларының экономика және қаржы жөніндегі орынбасарларының басын қосып, үш күндік семинарды ұйымдастырып өткізуде. Неліктен, бұл семинарға экономика және қаржы жөніндегі орынбасарлар шақырылған дейтін болсақ, ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап олардың құзырына кадр қызметіне жетекшілік ету міндеті беріліпті. Сондықтан кадрлық қызмет, заңмен жұмыс істеу саласынан хабардар болу үшін бұл лауазымдық қызмет иелері де біліктіліктерін арттыруға келіпті. Десек те, филиалдар қызметтерінің заң шеңберінде сауатты жүргізілуі заңгерлерге байланысты болғандықтан, басымдық осы сала қызметкерлеріне беріліп отыр. Яғни, семинарға қатысып отырған 90 адамның 43ін аймақтан келген заңгерлер құраса, филиалдар басшыларының экономика және қаржы жөніндегі орынбасарлары мен кадр қызметі мамандарының басын қосқанда 33 адам екен. Ал қалғаны «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ орталық аппараты қызметкерлері болып отыр. Семинар жұмысы барысында қатысушылар үш топқа бөлініп, екі күн кезекпен алмаса отырып, шарада қарастырылған тақырыптарды барлығы толық меңгеріп шықпақ.

Семинарда дәріс беретін жаттықтырушылар жоғары білікті, тәжірибелі, халықаралық деңгейдегі коучтар екен. Олар уақыт ағымына байланыста заңға енгізіліп жатқан өзгерістер, толықтырулар туралы жатық тілмен түсіндірмек. Айталық, еңбек заңнамасына өгерістер енгізу туралы заң жобасының тұжырымдамасын, еңбек заңнамасын тәжірибеде қолдану, сот процесі, жеңіп шығу технологиясы сияқты тағысын тағы маңызды тақырыптар егжейтегжейлі түсіндірілетін болады. Бұдан бөлек, конструктивті келіссөздер жүргізу ісінде «Гарвард тәсілін» қолдану сияқты әлемдік тәжірибелер негізге алынбақ.

Үшінші күні үш топты қосып, корпоративті рухты көтеру, ұжыммен жұмыс істеудің жаңа қырларын үйрететін көңіл сергітерлік ойын сипатында корпоративтік тимбилдинг өтеді. Ал семинар соңында қатысушыларға сертификаттар берілмек.