Билетсіз жолаушы тасыған 23 қызметкерді шығарып жіберді

«Жолаушылар тасымалы» АҚ теміржолда билетсіз жүру және заңды түрде рәсімделмеген жүкті тасымалдау әрекеттеріне тосқауыл қою мақсатында өткен жылдың сәуір айында «нөлдік» төзімділік принципін енгізген болатын.

Ол бойынша заңсыз әрекетке бой алдырған Компания қызметкерлеріне қатаң жаза қолданылады. Бүгінде осыған орай заң бұзған жолсеріктер мен пойыз басшыларының ісі онлайн түрде орталық аппараттың жауапты қызметкерлерімен бірге қаралып келеді. Биылғы жылдың алғашқы 4 айында Компания тарапынан 2146 пойыз тексеріліп, билетсіз жүрген 70 жолаушы анықталған, нәтижесінде 23 қызметкермен еңбек келісімшарты тоқтатылыпты. Яғни, жұмыстан шығарылған.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ қашан да өз жолаушыларына жолда көрсетілетін қызметтің, сервистің жоғары деңгейде болуын қадағалап, сапар барысында баршаға қолайлы жағдай жасауға атсалысады.

Сондықтан компания өз жолаушыларына егер жолда көңілден шықпайтын фактілерге тап болса, мысалы, жағымсыз иіс, лас пойыз, әжетхана бөлмесінде судың тапшылығы, жыртық немесе кір төсек-орын және тағы басқа жайттарға куә болған жағдайда міндетті түрде жолсерікке немесе пойыз басшысына шағымдануға кеңес береді. Жолаушының талабы бойынша жолсерік міндетті түрде шағым кітапшасын беруі керек.

Сонда жазба қалдыруды немесе фотобейне түсіріп, 1433 бірыңғай қызмет орталығына немесе Компанияның ресми сайтындағы Бас директордың блогына жазып жіберуді ұсынады.