Пойыздар қозғалысын ұйымдастырушылар

Пойыздардың жолын сызып беріп, жүрісін бақылап отыратын диспетчерлердің жұмысы бір қарағанда оңай көрінуі мүмкін. Дегенмен, жауапкершілік жоғары жерде жұмыстың жеңілі болмайтыны белгілі. Оған Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты жедел басқару бөліміне барғанда көз жеткіздік.

Аса құнды құжаттар мен құпия ақпараттары бар бөлім ғимараты стратегиялық нысанға жатады. Мұнда кім көрінген кіре бермейді. Сондықтан біз арнайы рұқсатпен әрі күзеттің тексеруімен кірдік. Бөлім басшысы еңбек демалысында болғандықтан, мұндағы мамандардың жұмысымен, жалпы диспетчерлік қызметтің қырсырымен басшының орынбасары Бауыржан Устаев таныстырды. – Жамбыл өңіріндегі пойыздардың жалпы қауіпсіздігіне, діттеген жеріне кешікпей жетіп, жүк тасымалының тосылып қалмауы үшін пойыз құрастыру ісін ұйымдастыру осында отырған диспетчер мен инженерлердің мойнында. Біз негізінен тәулігіне 12 сағат күндізгі ауысыммен жұмыс істеп, 24 сағат демаламыз. Одан кейін 12 сағаттық түнгі ауысымда жұмыс істегендер 48 сағат тынығуларына құқылы. Өйткені біздегі жұмыс тәулік бойы, күндіз-түні тоқтамайды, – дейді Бауыржан Устаев. Бөлім Жамбыл өңіріне қарайтын алты учаскеге диспетчерлік қызмет көрсетеді. Бұл учаскелердің әрқайсысы әртүрлі қашықтықты құрағанымен бәрінің жұмысы бір, еліміздің темір жол саласындағы маңызы зор. Учаскелер және өзінің жұмысы жөнінде сол күнгі ауысымдағы бөлім кезекшісі Азамат Қыдырбаев егжей-тегжейлі айтып берді.

– Менің басты міндетім – барлық диспетчерлердің жұмысын бақылап, қадағалап отыру. Содан кейін, қай станцияда жүк тиеу керек болса, сол станцияға жүк пойыздарының дер кезінде жетуін қамтамасыз етемін. Бір сөзбен айтқанда, мақсатсыз ешқандай пойыз жүрмейді. Сол пойыздардың қайсысының қай учаскеге баратынын, қашан өтетінін, қысқасы жүру жолын жоспарлап отырамыз, – дейді ол. Әрине, «қадағалап отырамын» деп ауызбен айта салуға оңай болғанымен, шын мәнінде бөлім кезекшісінің жұмысы қауырт екен. Бір жағынан телефон, АТС-пен ақпарат беріп жатса, қарсы алдындағы мониторда пойыздардың қозғалысынан көз алмайды.«Гид Уралмен» жұмыстың өз алдына жауапкершілігі бөлек. Оған күнделікті сызып отыратын картаны тағы қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда бөлімше кезекшісінің және учаскелік диспетчерлердің мойнында атан түйеге жүк болардай міндет бар. – Жолды, байланыс желісін жөндеу кезінде де, бізге берілген тапсырыс негізінде уақытылы «окно», яғни толаскез ашып береміз. Жоғарыда айтып өткендей жалпы жұмысқа, жөндеу жұмыстары аяқталған соң жолдың ашылуына жауаптымын. Ал диспетчерлер өз учаскелеріндегі пойыз қозғалысына, оның қауіпсіздігіне, жүктердің уақытылы тиеліп, жолға шығуына жауапты, – дейді кезекші Азамат Қыдырбаев. Мәселен 266 шақырымдық Шығанақ-Мойынты учаскесінде Сарышаған, Мыңарал, Көктас, Мойынты және Шығанақ сынды жүк тиеп-түсіретін станциялары бар. Бұл станциялардың бәрі жолаушылар пойызын өткізіп жіберу үшін жүк пойыздарын қосалқы жолға қояды. Бұл учаскеге жауапты диспетчер, бұдан бөлек ҚарағандыЖамбыл өңірлерінің пойыздарын қабылдап-шығарып салып отырады. Ал, Тараз-Түлкібас учаскесі Шымкент өңірімен түйісіп жатыр. Құмшағал станциясында шағылтас тиелсе, әуежайға жанармай түсіреді. 131 шақырымдық учаскенің Жуантөбе, Маймақ станциялары Қырғызстан жерінде екен. Бірақ, жол мен нысандар Қазақстандыкі. Маймақтан көбінесе бұршақ, Боранды бекетінен жуалылықтар сүт өнімдері мен картоп тиеп жібереді. Тараз-Жаңатас учаскесі аса үлкен болмағанымен жүк тасымалы бөлімшесінің 60-70 пайыз табысы осы темір жол тармағынан түсетін көрінеді. Ол жөнінде осы учаскенің диспетчері Орынбасар Сапарбеков әңгімелеп берді.

– Бұл учаскеге кіретін Бурыл станциясы тек Тараз қаласында жұмыс істейді. Облыс орталығына келетін барлық азық-түлік өнімдері Бурылдан түсіріледі. Шайқорықтан Жаңатасқа дейінгі оншақты станцияның бәрінде химия өнімдері тиеледі. Айталық, сары фосфор және өзге де фосфор өнімдері, тыңайтқыштар АҚШ, Нидерланды, Чехия, Венгрия, Ресейге жөнелтіледі. Қаратауда да руда салынып, Асадан түсіріледі. Ол «Қазфосфат» зауыттарына жіберіледі, – дейді осы учаске диспетчері. Ал, Шу-Отар учаскесі жайлы айтсақ, екі жыл бұрын Отар –Шу арасы бір жолды болған. Былтыр екі бағытты жолдың құрылысы аяқталып, жұмыс өнімділігі артқан. Шоқпар, Бел сияқты жүк станцияларымен қоса Қордай, Аңырақай, Құлақшын сынды бірқатар озба пункттері бар. – Бұл учаскеде Шөлдала-Жуантөбе жел өткелі бар.

Түлкібас жақтан келген жел осы учаскені басып өтіп, Қияқты, Хантау станцияларына жетеді. Одан Шоқпар, Алайғыр станциялары маңынан өтіп, Алматы облысының аумағымен Достық станциясы орналасқан Жоңғар қақпасы маңын бетке алады. Міне,осы «жел дәлізі» біздің пойыздардың қозғалысына кәдімгідей әсер етеді. Мысалы, кейде контейнерлік вагондарды шайқап жібереді. Сол үшін осы желдің қуатына қарай да біз пойыз жылдамдығын, жолға шығу, шықпауын қадағалап, ескертіп отырамыз. Онсыз болмайды.

Тәуекелге баратын болсақ, арты үлкен шығынға ұшыратуы әбден мүмкін. 112-ден хабарлама келсе, біз қамдана бастаймыз. Хантаудан шыға беріс жерде арнайы құрылғы бар. Ол машинистерге желдің күшін, жылдамдығын көрсетіп тұрады. Әр машинист бізге рациямен сол құрылғыдағы көрсеткішті хабарлап, айтып отырады. Біз соған қарап та шешім шығарамыз, – дейді осы кезде сөзге араласқан бөлім басшысының орынбасары Бауыржан Устаев. Шығанақ, Қияқты, Хантау, Мыңарал станцияларын қамтып жатқан ұзақтығы 168 шақырым болатын Шу-Шығанақ учаскесінен негізінен цемент, көмір, мыс рудасы, балық өнімдері, гранит, жеміс жидек, көкөніс өнімдері тиеледі. Ал осыған іргелес Шу-Тараз учаскесі ұзындығы жағынан екінші орында екен. Қашықтығы – 236 шақырым. Мұндағы Луговое станциясы Қырғыз елімен жүк тасымалын байланыстырады. Көбіне Тараздағы қант зауыты ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер жөнелткен қызылшаны түсіріп, қант тиеп жүр. Ақшолақ, Үшбұлақтан облысқа келетін мұнай өнімдерін қабылдап алады. Малдыбайдан күзгі егіс науқанында астық салынады. Жоғарыда аталған алты диспетчерлік учаскеден бөлек, бөлімде локомотив және Шу телімінің диспетчерлері де отырады. Шу үлкен станция болғандықтан жұмыс ауқымы кең. Бір жағы Алматы, екінші басы Қарағанды, Нұр-Сұлтан, батыс бағытында Тараз, Шымкентке пойыз құрастырып, жіберіп отырады. Тәулік бойы жүйіткіп жатқан жолаушылар пойызының электровоздары ауысады. Бауыржан Устаевтың айтуынша, еліміз бойынша мұндай үлкен станция төртеу-ақ екен. Шу – үлкендігі жөнінен үшінші орында, жұмыс ауқымы жөнінен бірінші орында тұр. «Шу тоқтаса, бүкіл Қазақстан пойыздарының жұмысы тоқтайды» деген сөз дейді диспетчерлер. Локомотив диспетчері жалпы кестеге қарап отырады. Жөндеу жұмыстарының «толаскезін», электровоз, маневрлық локомотив, тепловоздардың жүрісін реттеп, олардың жанармаймен қамтылуын да реттейді. Қалай десек те, еліміздің батысы мен шығысын бетке алып, ерсіліқарсылы ағылып жатқан пойыздардың қауіпсіздігі диспетчерлердің қырағылы мен сауаттылығына, жауапкершілігіне тікелей жауапты десек артық айтпаспыз. Алдарында 24 сағатқа арналған кестеге көп нәрсе байланысты. Тек диспетчер оны дұрыс сызып, по- йыздарды дұрыс бағытта орналастырып отыруы шарт. Әсіресе, арнайы нұсқаулық бойынша Тальгоның жолын ашып, тазалап отыруға көп мән береді. Сондықтан өзге пойыздардың кестесін өзгертіп әрі жолынан кешікпейтіндей етіп реттеп отырады. Санап көріп едік, Жамбыл өңірінен тәулігіне 11 Тальго пойызы өтеді екен. Жалпы 52 адам жұмыс істейтін бөлімдегі 40 диспетчерді басшының екі орынбасары мен бес бөлім кезекшісі басқарып, жұмысын жүйелеп отыр. Екі инженерден бөлек Шу торабының 5 диспетчері мен локомотив диспетчерінің жұмысқа әбден машықтанып алғаны көрініп тұр. Ал әр учаскеге бес диспетчерден тиесілі екен. Жұмыс күндіз-түні қайнап, қарбаласқа толы болғандықтан мұндағы мамандардың денсаулығында еш кінәрат болмауы тиіс. Сондықтан жұмысқа кірісерде мұқият дәрігерлік тексеруден өтеді.