Бейнеу станциясының кезекшісіне төсбелгі табыс етілді

Маңғыстау ЖТ бөлімшесі Бейнеу станциясында өткен аптада қауіпсіздік тақырыбына арналған тораптық жиын өтіп, оған бекеттегі барлық тиісті құрылымдық мекемелердің басшылары мен жұмысшылары түгел қатысты.

Басқосудың күн тәртібінде құрылғылардың және қозғалыс құралдарының техникалық жағдайы, қозғалыс қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, қызметкерлердің білім сапасын жоғарылату, әсіресе қолайсыз жағдай туындағанда қалай әрекет ету мәселесі көтерілді. Тақырып аясында станциядағы, жалпы түбектегі ахуалды баяндай келе басшылар тарапынан қауіпсіздікті нығайту жолдары кеңінен сөз болды, түрлі ұсыныстар айтылды.

Сонымен қатар, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзгелерге үлгі боп жүрген жандар туралы да сөз қозғалды.

Солардың бірі – №1 бекет кезекшісі Сәкен Жаңабаевқа көпшілік алдында «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісі табыс етілді. Мұндай құрметке ол сол бекетте электрлендірілген орталық басқару ғимаратында шыққан өрттің алдын алу арқылы және басқа да көптеген ізгі істері үшін ие болды.

«Бүгінгі таңда 12 жылдық тәжірибесі бар бекет кезекшісі Сәкен Жаңабаев осындай өнегелі іс-әрекетімен көпке үлгі болып отыр», – деді марапатты табыс еткен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің Маңғыстау телімі бойынша бас ревизоры Болат Дүйсәлиев.