Байланыс құрылғылары жаңаруда

Атырау-Сағыз телімін қамтитын және өз учаскесінде 19 станция, 22 өткел және 5 диспетчерлік айналымға қызмет көрсететін Ақжайық белгі беру және байланыс дистанциясының жұмысы туралы тек дұрыс пікір білдіруге болады.

Өңірде соңғы жылдары «Тальго» жүрдек пойызының қатынай бастауына орай, Мақат станциясының екі жағынан, Жамансор, Мұқыр, Жантерек, Ескене және Теңдік станцияларында қорғалатын, күзетілетін, автошлагбаумы бар 7 өткел салынды. Яғни, жүрдек пойыз келе жатқанда, оның жолын кесуге болмайды. Мәселен, 1,5 шақырым бұрын басқа жолдардың бәрі жабылып, шағын станцияларда белгі беру құралдары дыбыс бере бастаса, үлкен станцияларда пойыздың келе жатқаны репродуктор арқылы хабарланады. Жолда жұмыс жасап жүрген немесе басқа да жақын жүрген адамдарға пойыздың келе жатқаны туралы ескерту беріледі.

Дистанция бас инженері Мақсот Дүйсалының айтуынша, бүгінде дистанция барлығы 22 өткел жұмысын қадағалап отыр. Биылғы жылдың бірінші тоқсаны бойынша СОБ, байланыс, КТСМ және радио қондырғыларға техникалық қызмет көрсету бойынша «жақсы» деп бағаланып, ақау болмаған. Пойыз жүріп өту сигнализациясы 140 шақырымға қайта есептелді, пойыз өту үшін маршрутты екі учаскеден бұғаттау, сол аралықта жол монтерлеріне белгі беру қондырғыларын орнату жұмыстары да сәтті жүргізілді.

Бұған дейін 1,475 шақырым жерге МКПАб7х-21,2 байланыс кабелі төселген болатын. Бүгінде 4 станция жаңа микропроцессорлық қондырғылар жүйесіне қосылды, ПОНАБ, ДИСК қондырғысы КТСМ-02-ге, Сағыз-Атырау учаскесіндегі диспетчерлік орталықтан басқару жүйесі заманауи МП ДЦ «Диалог», МП АС ДЦ микропроцессорлық қондырғылармен алмастырылып, электржетек, бұрмалардағы электр қозғалтқыштар ауыстырылды. Бүгінде дистанция шуды, дірілді азайтатын генераторға көшкен.

Осылайша, дистанцияда бұрынғы тозығы жеткен жабдықтар заманауи түрге жаңаланып жатыр.