Басым бағыт - білім мен біліктілік

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жас қызметкерлерінің потенциалын білім берудің заманға сай талаптарына сәйкес дамыту мақсатында еліміздегі көшбасшы оқу орны «Назарбаев университеті» білім беру автономдық ұйымымен ынтымақтастықта жұмыс істемек. Осы аптада ұлттық компания басқарма төрағасының корпоративтік мәселелер және HR жөніндегі орынбасары Серік Әбденов пен аталған оқу орнының инновация жөніндегі вице-президенті Ерден Құсайын осы мақсаттағы ынтымақтастық меморандумына қол қойды.  

Осы жылды Елбасымыз жастар жылы деп жариялауы – жастар саясатының дамуы мемлекетіміздің басымды бағыттарының бірі болып табылатынын көрсетті. Биыл Қазақстан темір жолында да жастар саясатының жүзеге асырыла бастағанына 10 жыл толып отыр, сондықтан 2019 жыл – компания жастары үшін аса маңызды. Бүгінде компания мен оның еншілес ұйымдарында 50 мыңнан астам жас қызметкер жұмыс істейді.

– Еліміздің жоғары оқу орындары арасында көшбасшы болып саналатын сіздердің оқу орнымен ынтымақтастық меморандумына қол қою жас теміржолшыларға компанияның дамуына заманға сай тәсілдерді қолдану арқылы идеяларды іздеуге қосымша ынта береді. Назарбаев Университетімен ынтымақтастық Компанияның жас қызметкерлерінің жобалық даму саласының жаңа деңгейіне көшуін қамтамасыз ететініне сенімдімін, – деді басқарма төрағасының орынбасары.

Инновациялық және білім беру қызметі саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, көлік саласындағы тәжірибе алмасуға бағытталған меморандум шеңберінде инновациялық жобалардың корпоративтік акселерациясы бағдарламасын, компания қызметінің негізгі бағыттары бойынша идеялар және инновациялық жобалар байқауын жүргізу жоспарлануда.

Маңызды құжатқа қол қою рәсімінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ делегациясына университет аумағындағы Технопарк пен Фаблаб жұмысы бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Сонымен қатар университет түлектерінің идеялары негізінде жасалған инновациялық жобалар көрмесі таныстырылды. Технопарк Назарбаев Университетінің жанынан құрылатын жоғары технологиялы инновациялық компанияларды орналастыру үшін қызмет ететін болады. Ол үй-жайлары инженерлік биохимиялық және телекоммуникациялық сипаты басым әр түрлі зерттеулер мен өндірістерге икемді арналған көпфункционалды ғимарат болып табылады. Технопарк офистік және өндірістік үй-жайлар беру, жабдықтармен жарақтандыру және тәжірибелік үлгілерді жасауға көмектесу, сондай-ақ озық энергия үнемдеу технологияларын өндіру, түрлендіру, тестілеу және енгізу үшін алаң ұйымдастыру арқылы коммерцияландыруға жататын ғылыми зерттеулердің нәтижелерін нақты іске асырумен байланысты жұмыстарды жүзеге асыратын болады. Қазіргі кезде технопарктің жанынан қалпына келтірілетін энергия полигоны құрылған, ол қалпына келтірілетін көздерден Технопаркті автономды электр және жылу энергиясымен ішінара жабдықтап отыр. Осы кешеннің базасында орнатылған фото электрлі панельдердің, гелиоколлекторлардың, жел генераторлары мен жылу сорғыларының деректерін пайдалана отырып қалпына келтірілетін энергетика саласында өлшеулер мен зерттеулер жүргізілетін болады.

Ынтымақтастық меморандумы компанияның кадрлық саясатын жүзеге асырып, жас теміржолшылардың біліктілігін арттыруға зор ықпал етеріне сенім мол.

Райхан РАХМЕТОВА

Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК