«Көктем - 2019» оқу-жаттығуы өтті

Қазір еліміздің барлық өңірлерінде су тасқынына қарсы шаралар өтіп жатыр. Соған сәйкес жуырда «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ – «Атырау ЖТ бөлімшесі» мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Атырау магистральдық желі бөлімшесі» «Көктем-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысты. 

Жүк тасымалы бөлімшесі бойынша Азаматтық қорғаныс штабы құрылды. Штаб бастығы, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ – «Атырау ЖТ бөлімшесі» бас инженері Б.Картан мен орынбасары, «Атырау магистральдық желі бөлімшесі» бас инженері С.Сейілханов барлық күштер мен құрылымдардың дайындығын мәлімдеді. 

Ганюшкино, Махамбет, Атырау, Ақжайық, Мақат, Сағыз, Құлсары станцияларында Жүк тасымалының 38 құрылымы жинақталып, оқу-жаттығуға дайын тұрды. Бөлімше құрылымдарына 3 ситуациялық жағдай тапсырылды: Сағыз станциясында 200 метр темір жолды су басу, күкірт қышқылы тиелген 6 вагонның аударылуы, одан төгілген удың жақын маңдағы тұрғындарға зияны, Атырау темір жол көпірінде 3 вагонның аударылуы, Доссор-441 разъезі аралығында 400 метр темір жол көпірін су басып қалу. 

Осы жағдайлардан шығу үшін Өрт сөндіру, Қалпына келтіру пойыздары, басқа да құрылымдар шұғыл әрекет етіп, «Дабыл-1001», «Барыс-2002», «Тұлпар-4004», «Толқын-5005» сигналдары бойынша да нақты әрекет етті. Шараға барлығы 310 адам мен 18 бірлік арнайы техника қатысты. 

Қосұйым Мұқашев, Атырау

Суретті түсірген автор