Қожабай Ботанұлы: Арыс станциясынан шыққан бес Еңбек Ерінің төртеуі теміржолшы болғанын мақтан тұтамын

Теміржолшылар қаласы атанған Арыста Қожабай Маханбетов деген Құрметті теміржолшы тұрады. Станцияда дөңес кезекшісі.  

Орта Азия кіндігі саналған Арыс станциясы еліміздегі ең үлкен тораптардың бірі десек, қателеспейміз. Мұндағы барлық айналымдағы пойыздардың 80 пайызы сұрыптау дөңесінен тарқатылып, сұрыпталып, құрастырылып, жан-жаққа жөнелтіледі.Станциядағы сұрыптау дөңесінен тәулігіне 3200-4000 арасында вагондар тарқатылады. Тоғыз айдың көрсеткіші бойынша тәулігіне дөңестен вагон тарқату 120,8 пайызға орындалыпты. Бұл – қомақты көрсеткіш.

Қожабай Ботанұлы өзі туып-өскен қаласы мен таңдаған кәсібін мақтан тұтады. Арыс тарихы туралы сағаттап әңгіме айтуға бар. «1904 жылы 15 қаңтарда Арыс топырағына келген алғашқы паровоздан бастау алған болат жолдың тарихы тым тереңде, – деп бастады әңгімесін. – 1914 жылдың жазында Арыс станциясынан басталған Жетісу темір жолының құрылысы 1915 жылдың қыркүйегінде Шымкент қаласына жеткізілді. Осылайша пайда болған Орынбор-Шымкент, Ташкент-Шымкент теміржолы 1915 жылдың 10 қазанында пайдалануға беріліп, жүк және жолаушылар пойызы жүре бастады. Міне, содан бері бұл Арыста пойыздар дүрсілі бір тынған емес...»    

Қожабай Ботанұлы Арыстан шыққан 5 Еңбек Ерінің төртеуі теміржолшы екенін де орынды мақтан тұтады. Өзінің еңбек жолын екі ауыз сөзбен баяндап берді. 1956 жылдың 5 мамырында осы Арыс қаласында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. 1973 жылы орта мектепті бітіре сала Арыс вагон жөндеу депосында слесарь болып еңбек әліппесін ашады. 1975 жылы Арыс станциясына жүк қабылдаушы болып ауысып, 1977 жылы вагондар қозғалысы жылдамдығын реттеуші болып, 1979 жылы дөңес операторы, 1983 жылдан дөңес кезекшісі болып еңбек етіп келеді екен.

Құдайға шүкір, абыройсыз емес. 1994 жылы «Құрметті теміржолшы» белгісімен, 2016 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, басшылық тарапынан талай рет Алғыс хат алған. Кейіпкеріміз жұбайы Набат екеуі 4 қыз, 2 ұл тәрбиелеп, өсірді. Ұлы Алмас қазіргі таңда Алматы станциясында пойыз құрастырушы болып әулеттің даңқты еңбек жолын жалғауда.

Жансая СЫДЫҚБАЙ, Шымкент