Байқау мәреге жетті

«Қазақстан теміржолшысы» салалық газетінің 85 жылдық мерейтойына орай жарияланған  «Бір суреттің тарихы» байқауының қорытындысы шығарылды.

Газеттің 2 ақпанда жарық көрген №9-11 санында аталған конкурс-байқаудың шарттары түсіндірілген. Оған сәйкес, байқауға кез келген газет оқырманы қатысып, темір жол тақырыбына, теміржолшылардың өміріне қатысты фотосуреттерді ktzh.konkurs@mail.ru электрондық поштаға  жолдауы қажет болатын. Айта кету керек, байқауға атсалысқандардың дені аға буын теміржолшылар болды. Бұл –саналы ғұмырын отандық темір жолдың дамуына арнаған ардагерлеріміздің салаға және оның басылымына деген адалдығы мен құрметінің тағы бір дәлелі болды.

Сонымен,  «Бір суреттің тарихы» – «История одного фото» айдарымен жарияланған фоосуреттер мен материалдарды сарапқа салған редакция алқасы үздіктерді анықтады. Конкурсқа алғашқылар қатарында үн қосқан қызылордалық Құрметті теміржолшы, еңбек және тыл ардагері Рыстай Күрбенов болды. Газеттің №28 санында жарық көрген сарғайған сурет автордың жеке архивінде 50 жыл сақталыпты. «Страницы станции Манкент» деген мақаласында ардагер суреттегі теміржолшылар туралы жан-жақты баяндайды. Манкент станциясының бастығынан бастап, станция кезекшісі, пойыз құрастырушы бар, бір топ теміржолшы комиссиялық байқау кезінде станция жолдарын тексеру кезінде түсірілген.

Өндірістен сыр шертетін осындай тағы бір сарғайған суретті шымкенттік ардагер, Құрметті теміржолшы Құлахмет Темірбеков жолдапты. Газетіміздің №32 санында жарияланған бұл суретке де 45 жыл. Онда Жосалы жол дистанциясының бір топ қызметкерлері  қоғамдық инспекторлардың есебін тыңдауда. Редакция алқасының шешімімен осы екі жарияланым үздік деп танылып, бағалық сыйлыққа ұсынылды.

Сонымен қатар, байқауға ерекше белсенділікпен атсалысып, бір емес бірнеше суреттер  жолдаған тараздық теміржолшы, саналы ғұмырын Жамбыл жол дистанциясында өткізген Баймахан Дәрібаев ақсақал. Ардагердің №30, №35 сандарда жарық көрген сарғайған суреттердің бірінде Жамбыл жол дистанциясының  ұжымы, 1968 жылы түсірілген.  Ал 1960 жылы түсірілген екінші суретте теміржолшыларға танымал Дәрібаевтар династиясы көрініс тапқан.  Осы әулеттің жарқын бір өкілі болып табылатын Баймахан ақсақалдың еңбегі  лайықты бағасын алды, ардагерге «Жолаушы тасымалы» АҚ-ның Тұлпар-Тальго» пойыздарына жеңілдікпен жол жүру құқығы берілетін «Құрмет» дисконттық картасы тарту етіледі.

Біз байқауға атсалысқан барлық оқырмандарымызға алғыс айта отырып, үздік бағаға ие болып отырған жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтаймыз.

Меруерт ӨМІРЗАҚОВА

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки