Түрксібтен басталған тарих

Түп тарихы Түрксіб теміржолынан бастау алатын Аягөз станциясының өткені шежірелі тарихқа толы. Бұл ретте Аягөз локомотив пайдалану депосы жанынан ашылған салалық мұражай уақыт өткен сайын тың жәдігер, соны деректермен толығып қайта жаңғыруда.

            Локомотив шаруашылығының білікті маманы Айдын Бланов жетекшілік ететін іргелі мекеме мұражайға жауапты қарайды. Сондықтан мұнда Аягөз теміржолына қатысты көне жәдігерлер өңірдегі сала қызметкерлері мен ардагерлерден, жалпы қалалықтардан үзбей қабылданып, тарихи құндылық деп бағаланатын жарамды дүниелер сарапталып, қатталып құжатталып мұражайдан орын алады. Сол себептен, мұражай қоры күн санап толыға түскен. Нәтижесінде  депо басшылығы жуырда арнайы мүйістер ашып, экспозиция қатарын молайтыпты.

Жалпы, Аягөз локомотив пайдалану депосының мұражайы – қазақ теміржолынан мол хабар беретін ең іргелі орын. Көлемі 200 шаршы метрден асатын мұражай келушілерді жалықтырмайтындай жаңа қырынан көрініс тапқан. Атап айтсақ, Түрксібтің даңқты құрылысшылары фотосуреттері мен сол дәуірдегі қолданылған теміржол аспаптарының өзі талай жайтты аңғартады. Сонымен қатар, Ақтоғай-Семей телімі аралығындағы теміржолмен табиғаттың әсем үйлесімділігі, жергілікті локомотив шаруашылықтарына қарасты басты нысандардың қолдан әзірленген келісті макеттері де арнайы мүйіске қойылған.  

Бір бұл емес, аймақ теміржолынан мол мағлұмат беретін байырғы мерзімдік басылымдар мен кітаптар, тарихи фотосуреттер де мұражай төрінен орын алған.

Аягөз бен Жарма – әйгілі теміржол династияларымен даңқы шыққан өңірлер. Осы ретте, Шығыстағы шойынжолда еңбек өтілдері жүздеген жылдарды құрайтын атақты әулеттердің шежіресі мен тарихи фотосуреттері   де рет-ретімен қойылған. 

– Мұражайға кірген адам бай тарихы бар Аягөз теміржолындағы кешегі-бүгінгі өмірін сезіне білуі қажет. Ал ол үшін мұражай мазмұнды болуы тиіс, – дейді директордың орынбасары Ихлас Ерденов.  

Ертегіге бергісіз өткені бар Аягөз теміржолының әлі де ашылмаған беті, тың тарихы бар, оны жаңғыртып жарыққа шығару келер ұрпақтың еншісіндегі жұмыс дейді аягөздіктер.

Қуаныш Қожаев, Аягөз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки