Жол өткеліндегі рейд

Теміржол өткелдерінде ескерту белгілері, тиісті аншлагтар ілініп тұр, тіпті соңғы кезде көлемді ескерту билбордтар іліп қою қолға алынуда. Алайда, жүргіншілердің бейқамдығы ма, рұқсат етілген жол өткелінен өтемін деп түрлі жағдайға ұшырап,жылжымалы құрамның қозғалысына кедергі келтіріп жататындар да жоқ емес. 

 Нәтижесінде «пәлен жерде пойызға адам басылыпты» деген жайсыз хабар азаяр емес. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында аймақ темір жолшылары тхалық арасында  тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Өткен аптада  Қызылорда жол дистанциясының еңбек қорғау инженері Майра Бадырақова мен  жол жөндеуші Мәди Оңаловтар, ЖІІ бөлімінің өкілі Қаламқас Шахановалар қаланың Шұғыла мөлтек ауданы тұсындағы темір жол өткелінен өтетін жаяу жүргіншілермен кездесіп, теміржолдан өту ережелерін түсіндіру шараларын жүргізді. 

— Қызылорда жол дистанциясы телімдеріндегі ең қауіпті участоктың бірі осы «Шұғыла» шағын ауданындағы жаяу жүргіншілердің теміржол өткелі. Бұл өткел бұрыннан бар. Негізінен өткел теміржол астынан өтетін жол ретінде жасалғанмен, «КБИ» мен «Малбазар» мөлтек аудандары тұрғындары жол астынан өтудің орнына тікелей теміржолды кесіп өтеді. Мектеп оқушылары да жолды кесіп өтуге құмар. Биылғы қыркүйек айында осы жерде пойызға адам басылды. Қажетті рейд жұмыстарын жасап бүгін мына ескерту билбордын әкеліп ілдік, парақшалар таратудамыз. Құзырлы органдарға көпір салыну қажеттігі баяндалған хаттар жіберудеміз. Осы шағын аудандағы оқу орындарында да талай рет кездесу өткізіп, теміржолдың қауіп-қатерін  ескертудей-ақ ескертіп келеміз. Негізі жылжымалы құрамдар өткелге 400 метр, «Тұлпар-тальго» пойызы 800 метр жақындағанда жаяу жүргінші тоқтап, жолдан кемі бес метр қашықта күтіп тұруы керек, бірақ бес минутқа шыдамай адамдар асығып жақындап қалған пойыздың алдынан өтіп кетем деп бақытсыздыққа ұрынып жатады,-дейді бүгінгі рейдті ұйымдастырған дистанциясының еңбек қорғау инженері Майра Бадырақова.

Қаланың шығысындағы бұл ауданда кемі 5 мектептен бөлек университет пен колледж бар, теміржолдың оң қапталында «Шұғыла» қарсы бетінде «КБИ» мен «Малбазар» шағын аудандары орналасқан. Осы тұстан автожүргізушілер үшін де, жаяу жүргіншілер үшін де заманауи көпір салу жоспарланғанымен іске асырылуы кешеуілдеуде. Дегенмен дистанция жолшылары осы өткел маңын бақылауды тұрақты жолға қойған. Себебі тәулігіне бірнеше пойыз өтеді, тіпті жоғары жылдамдықтағы «Тұлпар-Тальго» пойызының екі құрамы осы жерде бір мезгілде қарама-қарсы бағытта өтеді екен.

-Таңертең, түсте және кешкі уақытта бұл маңнан өтетін жаяу жүргіншілер көп, бірі «КБИ-ге» қарай жолдың астымен өтсе, енді бірі «Малбазар» тұсындағы өткелден жолды кесіп өтеді. Бір сағат көлемінде 50 шақты адам өтеді. Адамдар да қызық қой,  кейбіреулер «пойыз келе жатыр», «жақын қалды» деп тоқтатқаныңа ренжіп, балағаттап кетеді. Бүгін топ болып тұрғасын, әрі жанымызда полиция формасын киген адам тұрғасын ғана тоқтап, аты-жөнін жазып, түсіндіріп, қол қойдырып үлгеріп жатырмыз,-дейді бүгінгі рейд жұмысын жүргізген дистанция жол жөндеушісі Мәди Оңалов.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки