Балаңызға абай болыңыз… 

Жол бойындағы қауіпсіздікке жауапты мамандардың айтуынша, теміржол бойында жеке бас қауіпсіздігін сақтау — ережелерді мұқият орындауға байланысты.  Бірақ, үлкендердің өзі қауіпсіздік ережесін ұмытып жатса, ойын баласынан не күтуге болады?

Ақтөбе-Жіңішке аралығы қауіпті аумақтардың бірі. Алайда, аталған телімде биыл ешқандай қайғылы жағдай тіркелмеген. Соңғы екі жылда бақытсыз жағдайлар азайып, жағдай жақсарып келе жатқаны байқалады. Станцияның инженер-технологі Саида Ербөлекованың айтуынша, қайғылы оқиғаның азаюының бірден бір себебі – тұрғындар арасында қысы-жазы үздіксіз жүргізіліп келе жатқан үгіт-насихат, түсінік жұмыстары. Станцияда  өндірістік емес жарақат алудың алдын алуға бағытталған шара әр алуан.

-Осы мақсатта арнайы «Өндіріске қатысы жоқ азаматтар жарақат алу жайттарының алдын алуға қатысты техникалық шаралардың бағдарламасы» әзірленді. Оған жарақат алу қаупі бар аймақтарды анықтап, қауіпсіздік белгілерін орнату, жаяу жүргіншілерге арналған төсеніштер мен өткелдерді, сонымен бірге қоршауларды министрлік бекіткен талаптарға сәйкестеніру шаралары кіреді, — дейді Саида Ербөлекова. 

Станция қызметкерлері теміржолға жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары мен мектеп оқушыларын ай сайын аралап,  қауіпсіздік сақтауды қайталаудан жалыққан емес. Әсіресе, Жіңішке-Ақтөбе аралығы мен Тұрғындар қалашығындағы өткелдің қауіпті екенін сан мәрте ескертіліп келеді.

«Бір жолды кесіп өтіп, екінші жолда пойыздың жақындап қалғанын байқамай қалуы мүмкін. Пойыз құрамының сағатына 100 шақырым жылдамдықпен келе жатқанының өзінде дереу тежегішті іске қоса алмайтынын да ескеру керек. Машинист дер кезінде әрекет еткеннің өзінде ауыр салмақты пойыз құрамы 800 метрге дейін жүріп өтуі мүмкін», — дейді Жіңішке станциясының инженер-технологі.

Саида Ербөлекованың айтуынша, жол ережесін көбінесе балалар мен ішімдік ішкен азаматтар жиі бұзады. Үлкендер балаларының рельспен жүгіріп жүргенін көре тұра тоқтатпайды, ескерту де жасамайды. Кішкентайларға үлгі болуы тиіс ересектердің өзі кейде ережелерді сақтамайды. Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында станцияға кіре берісте дауыс зорайтқыштың көмегімен пойыздың жақындап қалғаны туралы хабар таратылады екен. Келіп-кетіп жатқан пойыздардан өзге маневрлі қозғалыстар туралы да үздіксіз хабарланып тұрады.

Әрине, соңғы жылдары Жіңішке станциясында көп жаңалық пайда болды, жол бойына қоршау тұрғызылып, қосымша қауіпсіздік жайлы көрнекі жерге 6 аншлаг орнатылды. Дегенмен, мені ата-аналардың теміржолдан келетін қауіп-қатерді көріп-біле тұра балаларын сақтандырмайтын бейғамдығы таң қалдырады. «Балаңызға абай болыңыз, жолға жақын жүрмесін, вагондардың астымен өтуге болмайды» деп қанша ата-анаға ескерттік, «егер бала екі пойыздың ортасында қалып қойса, ауа ағынымен ұшып кетпес үшін пойыз өтіп кеткенше жерге жата қалсын, тұру керек», — деп те түсіндіруге мәжбүр болдық,- дейді  Жіңішке станциясының инженер-технологі.

Асқар Ақтілеу, Жіңішке

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки