Кінәлі… төрт түлік пе?

Бұған дейін жариялаған мақаламызда төрт түліктен темір жол қозғалысына келетін қауіптің әлі күнге сейілмеу себебін айтқан едік. Малын темір жолға жаятын тұрғындардың жолда оқыс оқиға орын алса, түк қатысы жоқ, «сүттен ақ, судан таза» болып шыға келеді  екен. Нәтижесінде кім кінәлі, деген сауалға  Маңғыстау жол дистанциясы маманынан  жауап алуға тырыстық. 

  – Маңғыстау жол дистанциясына 524,5 км  темір жол қарайды. 387 км жол  малға қарсы қоршалған. Биылғы жүктеме 140 км жөндеу, 5 км қоршау жаңадан салу болатын. 10 айда жылдық жоспар толығымен орындалды. Жаңа қоршау Өзен – Бастау аралығына жасалды. Желілік ішкі істер бөлімінің хаты негізінде аталған орындар тексеріліп шықты. Кей жерлерде бөгеттің болмауын – ауылдардан алыстығына орай дер едік. Мысалы, Болашақ станциясында солай. Дегенмен ондағы бекеттерде көлемі 1-2 км дейін созылатын қоршаулар орнатылған. Қалған жерлер болашақтың еншісінде. Сонымен қатар айта кететін жайт, жөнделгенмен  малшылар мал өткізу үшін сымдарды үзіп, кейде ірі қараның өзі майыстырып, бұзып кетеді. №13 бекет таулы жер болғандықтан оның бір жағында ғана қоршау бар. Малдардың жолға шығуы Шетпе маңында көп кездеседі. Сондықтан №14-15 бекет аралығындағы темір жол қоршауының жиегінен 1-2 шақырымдай жерді қазып қойғанбыз. Өйткені сол маңдағы «Сырлы там» құдығына төрт түлік су ішуге келеді. Қазудың пайдасы тиді. Бірақ мұндай шараны барлық жерге қолдана алмаймыз. Су шығып, жолға қауіп төндіретін, таулы-тасты телімдер де бар, – деп жауап берді дистанцияның жетекші жол инженері Ержан Артықбаев.

 Дистанция өкілінің айтуынша, олар ауыл мен аудан әкімдіктеріне төрт түлікке бақташы тағайындау, сырға тағу туралы ұдайы хат жолдайды екен. Бірақ оған жергілікті биліктің бірінен оң жауап келсе, бірі елеусіз қалдырады екен. Дегенмен, осындай іс-шаралардың септігі тигені де байқалады. Мысалы, былтыр 10 айда 5 мал тепловоздың астына түсіп қалса, үстіміздегі жылы 2 факт болған.  

– Темір жолға малдар көбінесе өткелден кіріп, шығар жер таппай жүріп алады. Оның ішінде Маңғыстауда жолға жайылатын негізі  ірі қара. Пойыздың алдына шығуы көбіне түнгі мезгілдерде болады. Хабар жетіп біздікілер барғанша ол жерден кетіп қалады. Тепловоз шұғыл тежеу берген жағдайда машинист дереу пойыз диспетчеріне хабар береді. Әрі қарай желілік ішкі істер бөліміне, магистральды желі бөлімшесінің, жол дистанциясының диспетчерлеріне де хабарланады. ПЧ диспетчері жағдай болған телімдегі басшыға жеткізіп, оқиға орнына дереу адам жібереді. Десек те жол қашықтығы да маңызды рөл ойнайды. Адамдар келгенше біраз уақыт өтіп,  малды таппай қайтатын кездері де болады. Егер пойызға басылып қалған болса, телім басшысы, жол шебері, бригадирлер барып, міндетті түрде суретке түсіреді. Белгісін қарайды. Алайда кейбір жағдайларда мал иелері бізден бұрын жетіп белгілерін кесіп кеткен жағдайлар да болды.Сондықтан иесін анықтау оңай емес. Кінәлі жоқ деген сөз, – деп шарасыз бас шайқады дистанция инженері.

Маманның есебінше, локомотив әр шұғыл тежегіш басқан сайын 0,05 тонна жанармай, яғни 29 мың теңгеге жуық қаржы шығындайды екен.  Өткен 10 айда 4,55 тонна жанармай осылай ысырап болыпты.  (2016 жылы 6,40 тонна).

Иесіз мал болмайды. Тұрғындар арасында төрт түліктеріне ие болу, темір жолға жақын 200 метр жерде мал бақпауын қанша ескерсек те,  баяғы жартас, сол жартас. «Түсіндік» дейді де қояды. Локомотив тағы да шұғыл тежеуді басуға мәжбүр болады. Тежеулердің саны азайғанымен жағдай қайталана береді, енді не істеу керек, – деген Е.Артықбаев жуырда тағы да жедел тежеу жиі берілетін темір жол маңындағы халықпен барлық құрылымдар бірге кездесу ұйымдастырғандарын, тұрғындар біз кінәлі емеспіз, «қарасанкелгірлердің өздері жолға шығып кететін» деп ақталғанын жеткізді… Мұндай кездесулер  Шетпе-1, Қосбұлақ, Мақаш, Жаңа-орпада, №13 теміржол бекеті – Шетпе-№14 темір жол бекеті аралығындағы ауыл жұртшылығымен де өткен.

Шахида Жұман,

Маңғыстау

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки