Қауіпсіздікті ширату күн тәртібінде

Жамбыл бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбековтың төрағалығымен жиын өтіп, онда станция басына мал басының шығуы және бөтен тұлғалардың белгіленбеген өткелдерден өту жайы талқыланып, оған көлік прокуратурасы және желілік ішкі істер басқармасының өкілдері қатысты.

Үмітбек Есмұратұлының айтуынша, ағымдағы жылдың өткен төрт айында станция басында бір мал басу оқиғасы  және екі адам қағу оқиғасы орын алған. Ал Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі жол бөлімінің басшысы Ғалымбек Батырбеков өткен жылы 11 мал басу оқиғасы орын алғандығын, оның қатарында бір ғана желтоқсан айының өзінде мұндай оқиғаның үш рет болғанын жеткізді.

– Станция басында мал басу оқиғасы негізінен таңғы 6.00-7.30 уақыт аралығында және тәуліктің түнгі уақытында орын алады. Сондықтан, көру шектеуі нашар уақытта жолаушылар және жүк пойызының машинистері тежегішті басып үлгермей жатады. Ал Ірілендірілген Жамбыл жол дистанциясы қызмет көрсететін аумақтағы Жамбыл – Талас телімінде тұрғындар тығыз орналасқандықтан адам қағу оқиғасы жиі орын алады. Өткен жылы мұнда бес оқиға болды. Сондай-ақ мал иелерін анықтауда кедергілер өте көп. Кез келген қожалық иесі мал басу оқиғасынан кейін төрт түліктің өздеріне тиесілі емес екендігін айтып жалтарады, – деді ол.

Жамбыл станциясындағы ЖІІБ қызметкері Б.Есентаев өткен жылы болат жолдың бойында, яғни белгіленбеген жерден өткен 994 азамат анықталып, оның 11-не 69 993 теңге айыпұл салынғанын, сондай-ақ, болат жолдың маңында малын жайған 32 азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 18-не әкімшілік айыппұл салынғанын айтып өтті.  Былтыр 49 пойыз жедел тоқтауға мәжбүр болған. Оның 26-сы темір жолға бөтен тұлғалардың, 12-сі мал басының шығуына байланысты тоқтаған.

Жамбыл жол дистанциясының директоры Жүнісбек Табулдиев,  ағымдағы жылдың төрт айында қауіпсіздік мәселесі бойынша болат жолға жақын орналасқан елді мекеннің 1625 тұрғынына және 305 мектеп оқушысына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жаднамалар таратылғанын, желілік ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен төрт азаматқа 18 555 теңге көлемінде айыппұл салынғанын атап өтті. Жиында болат жолдың бойын қоршау мәселесі де сөз болды. Бүгінгі күні Жамбыл магистральдық желі бөлімшесіне қарасты аумақтарда бұл жұмыстар тек 70-75 пайызға ғана орындалыпты.

Ерман Әбдиев, Жамбыл

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки