Әр сапар – алғашқы сапар

Атырау локомотив пайдалану депосының тепловоз машинисі Бабатай Бекетаев теміржол көлігінің тізгінін ұстаған жан қозғалыс қауіпсіздігіндегі ең жауапты адам деп біледі.

Міне, бүгін де №19 «Атырау – Астана» бағытындағы жолаушылар пойызын алып жүруге дайындық үстіндегі машинист  көмекшісі Кәдірбек Бермағамбетовпен бірге тепловоздың май-суын тексеріп, кем-кетігін түгендеуде. Үш сағаттан соң аттанатын жолаушылар пойызын  Сағыз станциясына  дейін жеткізудің тәжірибелі машинист үшін қиын ештеңесі жоқ, күнделікті үйренген, сонша жылда дағдыға айналған жұмысы. Әйтсе де, жауапкершілік жүгі  аға машинисті бір сәт те босаңсуына жол берген емес. – Пойыздағы 20 вагон мен ондағы 600-ден астам адамның тағдыры саған сеніп тапсырылғаннан кейін жолаушылар пойызын жүргізу кезінде өте жоғары жауапкершілік сұралады. Жолда небір болуы мүмкін апаттардың алдын алған кездер болды. Сондықтан, әу баста үйренген дағдым осы, әр сапарға алғашқы сапарымдай дайындаламын, – дейді І сыныпты тепловоз машинисі.

Теміржолға небары 17 жасында келіп, өмірінің 37 жылын тек осы саламен ғана байланыстыра білген Бабатай Қуанышқалиұлы Атырау қаласында орта мектепті бітірген соң Жол техникалық мектебіне түсіп, көмекші машинист мамандығын алып шығады. 1985 жылы машинист көмекшісі болып еңбек жолын бастап, арада он жыл уақыт өткен соң ғана, 1986 жылдың күзінде жеке-дара тепловоз тізгінін ұстайды.  Әрине, күрделі ауа райы жағдайында еңбек етіп, кез-келген  қиын-қыстау жағдайларға дайын болу, сын сағатта дұрыс шешім қабылдай білу мен жоғары  жауапкершілікті сезініп, нормаланбаған графикпен жұмыс істеу сынды ер жігітке  тән қасиет бойында болмаса,  Бабатай Бекетаев  нағыз машинист болып қалыптаспас па еді, кім білсін…

Айта кетейік, теміржолшы кәсібі әулеттен тарайтынын ескерсек, кейіпкеріміздің ағасы, Құрметті теміржолшы Сүйеу Бекетаев тепловоз машинисі болып 40 жылдан астам еңбек еткен, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер. Ал ұлы Мұрат Бекетаев 15 жылдан бері өзімен тізе қосып еңбек етіп келеді, бүгінде машинист- нұсқаушы.

Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ, Атырау

 

 

 

 

 

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки