Қос кәсіпорынның негізі қаланды

Өткен демалыс күндері Ақтөбеде екі үлкен шара өтті. Қызғалдақты станциясында рельс дәнекерлеу кәсіпорнының негізі қаланса, Сарысай ауылында Бершүгір қиыршық тас зауытының жаңа желісі іске қосылды. Бұл қос жобаны жүзеге асырушы «Қамқор Менеджмент» ЖШС-нің ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Компанияның 10 жылдығына тартуы болмақ.

Ақтөбенің іргесіндегі Қызғалдақты станциясында бой көтеретін рельс дәнекерлеу кәсіпорны Ақтөбе рельсарқалық зауытына жақын орналасатын болады. Себебі, бұл кәсіпорын зауыттан шыққан өнімді дәнекерлеп, ұзындығы 800 метрге дейін жететін рельс әзірлейді, одан әрі құрылыс алаңдарына жөнелтілмек. Кәсіпорынды «Қамқор Менеджмент» ЖШС басшылығымен «Теміржол жөндеу» ЖШС жүргізбек. Жобаның құны 3 млрд теңге. Аталған инвестициялық-стратегиялық жоба Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында жүзеге асырылуда. Сенбі күні рельс дәнекерлеу кәсіпорны құрылысының іргетасын қалау рәсіміне «Қамқор Менеджмент» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Диас Сүлейменов пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
«Теміржол жөндеу» ЖШС бас директоры Искандир Қарсыбеков дайындық жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, жобаның техникалық-экономикалық негіздемелері әзірленіп, жобалау-сметалық құжаттамаларын дайындау жөнінде келісімшартқа қол қойылған, инженерлік-геодезиялық, инженерлік-геологиялық жұмыстар жүргізілген. Бұл жобаның ерекшелігі, жоғарыда айтып өткеніміздей, рельс дәнекерлеу кәсіпорнының рельсарқалық зауытының қасына салынуы. Өз кезегінде аралық логистикалық сатылар қысқарады, шығын мөлшері аз, заманауи және оптимальды шешімдер өндіріс тиімділігін арттыра түсіреді. Аталған жобаны жүзеге асыру арқылы Ақтөбе рельсарқалық зауытынан шығатын 120 метрлік рельстерді дәнекерлеу арқылы жалғап, ұзын рельстер шығаруға болады. Ондай ұзын рельстер «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жол шаруашылығының қажеттіліктерін қанағаттандырады.
– Ұзын рельстерді дәнекерлеу орнына жедел жеткізу үшін рельс дәнекерлеу кәсіпорнының Ақтөбе рельс арқалық зауытынан алыс емес жерде орналасуы жұмыс циклін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда құрылыс бойынша барлық дайындық жұмыстары аяқталды. Қызғалдақты станциясында жер телімі 49 жылға жалға алынды. Негізгі техникалық шешімдер анықталды. Өндіріс технологиясы әзірленді. Сондай-ақ сынақ ретінде рельс үлгілері дәнекерленді. Оның сапалылығы гидравликалық қысымның көмегімен қайта тексерілді, – деді Искандир Қарсыбеков.
Жобаның өндірістік қуаттылығы жылына 500 км рельстен кем болмайды. Жоба шамамен 10 жылдың ішінде өзін-өзі ақтайды деп жоспарланып отыр. Жаңа рельс дәнекерлеу кәсіпорнының ашылуы облыстың әлеуметтік жағдайына да оң ықпалын тигізеді. Жаңа 50 жұмыс орны ашылады. Жоба екі жылдың ішінде жүзеге асырылады. Жаңа инновациялық кәсіпорынға жабдықтарды Aigre Technology Co. in Chengdu компаниясы жеткізеді.
Аймақ басшысы жиналғандарды өңір үшін маңызды шарамен құттықтады.
– Бүгін «Теміржол жөндеу» ЖШС рельс дәнекерлеу кәсіпорны құрылысының іргетасы қаланды. Бұл жоба Ақтөбе рельсарқалық зауыты өндіретін ұзындығы 120 метрлік рельстерді дәнекерлеуге мүмкіндік береді және «ҚТЖ» ҰК» АҚ жол шаруашылығының қажеттілігін толығымен өтейді. Өз тарапымыздан біз аталған жобаны жан-жақты қолдаймыз, – деген өңір басшысы Бердібек Сапарбаев облыс әкімдігі, «Қамқор Менеджмент» және «Теміржол жөндеу» логотиптері бар капсуланы құрылыс жүргізілетін алаңға салды.
Одан әрі жергілікті билік пен «Қамқор Менеджмент» ЖШС өкілдері мінген тікұшақ қарт Мұғалжар таулары қойнауындағы Сарысай елді мекеніне ұшты. Мұнда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жүзеге асырылып отырған екінші жоба – «Теміржол жөндеу» ЖШС-нің «Біршоғыр қиыршық тас зауыты» филиалында ұсақ фракциялы қиыршық тас зауытының жаңа желісі салтанатты жағдайда іске қосылды. Соңғы жылдары Қазақстанда қиыршық тасқа сұраныс айтарлықтай артып отырғаны белгілі. Әсіресе магматикалық жыныстан алынған бірінші топтағы ұсақ фракциялы қиыршық тас үлкен сұранысқа ие. Мұндай өнім тығыз, аязға төзімді, әрі көптеген жағынан сапалы болып келеді. Өнімнің бәсекеге қабілеттілігін сақтау мақсатында Шалқар ауданының аумағында жұмыс жасайтын Біршоғыр қиыршық тас зауытының басшылығы жол құрылысына қажетті тауарлы ірі фракциялы қиыршық тас өндірісінен сұранысқа ие жоғары сапалы ұсақ фракциялы қиыршық тас өндірісіне ауысу жөнінде шешім қабылдапты.
– Компания Біршоғыр қиыршық тас зауытының инновациялық-стратегиялық дамуына өзгерістер енгізуді жөн деп тапты. Өйткені біздің өнім бәсекеге қабілетті жаңа заманауи талаптарға сәйкес болу керек. Сол себепті ірі фракциялы тастан ұсақ фракциялы да сөндіруге ауысуды дұрыс деп таптық, – дейді Искандир Қарсыбеков.
Жаңа жабдық шведтік SANDVIK компаниясынан алынған. Жұмыс 2015 жылдың қазанында басталып, «Қамқор Менеджмент» ЖШС басқарушы компаниясының 10 жылдығы қарсаңында іске қосылып отыр.
– Бүгінгі таңда біз қиыршық тас жеткізуші және өзге де перспективалы тапсырыс берушілерді іздеуші ретінде жаңа өнімді «Теңізшевройл» компаниясы алдында аккредитациядан өткізіп жатырмыз, – дейді зауыт басшылығы.
ЖШС қолданыстағы ДСК-350 қондырғысын өзгертіп, өндірісті модернизациялап, заманауи ұнтау жабдығын қолдану арқылы ДСК-300 технологиялық желісін құрды.
«Теміржол жөндеу» ЖШС бас директорының айтуынша, аталған жобаны жүзеге асыру арқылы өндіріс қуаттылығын жылына 2 миллионнан астам тоннаға дейін арттырып, өнеркәсіптік және азаматтық құрылысқа қажетті 5-10 мм, 10-20 мм, 6 (f)d фракциялы тауарлы қиыршық тастың жаңа өндірісін жолға қоюға мүмкіндік береді.
Кәсіпорында жаңадан 116 жұмыс орны ашылмақ. Жобаға тартылған инвестиция көлемі 1,3 млрд теңгені құрайды.
Бүгін іске қосылған жобаның арқасында кәсіпорын ҚР көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктеріне ие болады. Нақтырақ айтқанда, автожолдар құрылысы мен 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысына атсалысады деп күтілуде.
– Ең бастысы – жаңа өндіріс тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Жаңа жұмыс орындарын ашу және жұмыс орындарын сақтау – бұл мемлекет басшысының тапсырмасы, – деп атап өтті «Қамқор Менеджмент» ЖШС ұжымын компанияның құрылғанына он жыл толуымен құттықтаған облыс басшысы.
Қиыршық тас өндірісін іске қосқан «Қамқор Менеджмент» ЖШС басшылығы мен облыс әкімі кәсіпорынның ғұмыры ұзақ болып, ел игілігіне қызмет етеріне сенім білдірді.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки