Бизнесті трансформациялау: құрылымдық өзгерістер кезеңі

Бүгінгі таңда «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Бизнес трансформациялау» бағдарламасы аясында бизнесті реинжинирингтеу бойынша дайындық жұмыстарын аяқтап,  компания қызметіне нақты өзгерістер енгізуге кірісті. Бұл туралы қоғамның даму жөніндегі вице-президенті Еркін Жусанбаевтың төрағалымен ұйымдық құрылымдарды өзгерту және трансформация мәселелері жөнінде өткен ақпараттық сессияда айтылды.

      Отырысқа «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, ҚР ұлттық экономика министрлігі, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитет, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, ҚР қорғаныс министрлігі, ҚР ҰҚК, ҚР инвестиция және даму министрлігі және осы министрліктің көлік комитеті, ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті, ҚР Бас көлік прокуратурасының өкілдері қатысты.

Екі жыл бұрын жасалған бағдарламаны жүзеге асыруды бірінші болып бастағандардың бірі Ұлттық компания екенін тілге тиек ете келе, вице-президент оның бүгінгі даму стратегиясын баяндады. Ұлттық компанияда бизнесті трансформациялаудағы шешуші бастама – үдерістерді интеграциялау және реинжиниринг, активтер портфелі мен басқару жүйесін қайта құрылымдау, жаңа ұйымдық құрылымды енгізу, тиімді технологиялық тұғырнама жасау, корпоратив мәдениетін өзгерту болып табылады.

–«Қазақстан темір жолы» – бұл тиімділігі жоғары көліктік-логистикалық холдинг. Оның мақсатты бизнес моделі – бизнестің негізгі өсіміне сәйкес келетін транзитті дамытуға арналған біріктірілген көліктік-логистикалық компания. Ол «Нұрлы жол» бағдарламасының көліктік инфрақұрылымды дамыту бойынша негізгі операторы болып саналады. Сондықтан оған Қазақстанды Орталық Азия аймағында ірі іскерлік және транзиттік хаб ретінде қалыптастыру және тарихи рөлін жандандыруда өршіл міндеттер жүктелген, –деді Е.Жусанбаев. Ал трансформация – бұл тиімділік, бәсекеге қабілеттілік және түсімділікті арттыруға бағытталған, тереңнен, жүйелі және дәйекті түрде өзгеру. Осы бойынша темір жол саласын қайта құру бірнеше заң негіздеріне сүйене отырып жүзеге асырылуда. Ол заңдар қатарында ҚР-ның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары, ҚР «Теміржол көлігі туралы» заңы, ЕАЭО туралы келісімшарт және магистральдық темір жол желісін пайдалану ережелері бар.

Елбасының тапсырмасына сәйкес Ұлттық компания базасында әлемдік деңгейдегі ұлттық көліктік-логистикалық оператор құрылды. Әуе, теміржол, су, автожол тасымалы және келісімшарттық логистиканы біріктіру арқылы нарықтың жаңа сегменттеріне шығу, жаңа компетенцияларды дамыту, мультимодальды көліктік инфрақұрылымды дамыту және жаңғырту, көліктік-логистикалық орталықтың ішкі және сыртқы желілері мен сервистік пункттерді құру, көлік қызметін бірыңғай логистикалық сервиске біріктіруге қол жеткізілмек.  Мақсатты корпоративтік құрылым бойынша компанияның бүгінгі таңдағы құрылымы 97 компаниядан тұрса, қайта құру және жекешелендіруден кейін ол логистикалық автивтер желісін дамыту есебімен 35 компаниядан құралатын болады.

Осылайша 2017 жылдың аяғына дейін ұлттық акционерлік қоғам үш кезең бойынша толығымен қайта құрылып болмақ. Бірінші кезең осы жылдың 1 шілдесіне дейінгі аралық, екіншісі осы жылдың аяғына дейінгі уақыт және соңғысы келер жылдың соңына дейінгі кезең. Осының бірінші кезеңінде «Локомотив» АҚ базасында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ құрылмақ. Екінші кезеңде мультимодальды жүк тасымалдаушы құрылып, «KTZ Express» АҚ «Жүк тасымалы» АҚ-на біріктіріледі. Соңғы кезеңінде толыққанды магистральдық желілер операторы құрылып, ЦЖС базасында «ҚТЖ -Инфрақұрылым» АҚ пайда болады. Және «Жүк тасымалы» АҚ-ның пойыздық диспетчерлік қамту функциясы Магистральдық желі дирекциясы – ЦЖС-ке өтеді деп жоспарланған.

Акционерлік қоғам өкілі осы қыруар өзгерістерді жүзеге асыруда еліміздің мемлекеттік органдары тарапынан қолдау қажет болатынын түсіндірді. Арнайы слайд баяндамада ҚР инвестиция және даму жөніндегі министрлігі, ҚР ұлттық экономика министрлігі және ҚР қаржы министрлігі тарапынан қандай жұмыстар бойынша қолдаудың  керек болатындығы атап көрсетілген.

Райхан Рахметова

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки