Тиімділік пен үнем 

Бүгінде Семей ЖТ бөлімшесі бойынша локомотив паркін үнемдеп, экономикалық кірісті еселеуге баса ден қойылуда. Соның аясында сапарға шығатын бригадалар жұмысын жүйелеп, сағат санын толтыру мәселесі де оң нәтижемен орындалған.

Семей локомотив пайдалану депосы өткен жылды жоғары көрсеткіштермен қорытындылады. Соның ішінде үнем мәселесіне жекелей тоқталуға болады. Әсіресе, жүк тасымалын оңтайландыруда локомотив бригадаларының санын шектеу есебінен жанармай мәселесіне жұмсалатын шығын айтарлықтай азайған. Бұл бағыттағы шаралар өткен жылдан бастап қарқынды түрде қолға алынған болатын. Соның нәтижесі болар, жыл үлесіндегі жүргізілген ілкімді жұмыстар  күллі бөлімше бойынша локомотивтер паркін 0,21 бірлікке азайтуға мүмкіндік беріп, экономикалық оң әсер 66 млн. 860 мың теңгені құрады.

 Дерек пен дәйекке сүйенер болсақ, жыл үлесінде локомотивтер мен локомотив бригадаларын тиімді пайдаланғандықтан локомотив-сағаттар саны 1839 сағатқа немесе 0,21 бірлікке қысқартылып, 66 млн. 860 мың теңгенің қаражаты үнемделді.

Жалпы, шығынның алдын алу үшін локомотивтің өнімділігін жоғарылату мәселесі өткен жылдың басында-ақ жоспарланған болатын. Бұл көзделген меже артығымен орындалып, 100,9 пайызға жетті. Яғни, жоспардағы 1540 т.км бруттоның орнына нақты іс жүзінде 1554 т.км орын алды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырмалы түрде алғанда теңеседі.

  Семей ЖТ бөлімшесі мамандарының пікіріне сүйенсек, локомотивтер мен локомотив бригадаларын тиімді пайдаланудың экономикалық тиімділігі өте жоғары. Сол себепті де аталмыш мәселе бойынша бір жыл бұрын есебін шығарып, жоспар құру ләзім. Бұл орайда мамандар ағымдағы жылға да меже айқын екенін айтады. Атап айтсақ, аталмыш бағытта жұмыс жүргізу арқылы биылғы жылы локомотив-сағаттарының 940 сағатқа немесе 0,11 білікке қысқартылуына қол жеткізу көзделіп отыр. Ал, бұл жоспар іске асқан жағдайда 34 млн 287 мың теңгенің қаражаты үнемделіп, жергілікті теміржолшылардың игілігіне асады екен. Семейлік локомотившілер үшін қауырт маусым қазірдің өзінде басталып кетті. Себебі, жаңа жыл мерекесінен соң, яғни, жыл басында сәл толас тапқан жүк тасымалына тапсырыс саны күн өткен сайын еселеп өсіп, жүк пойыздарының қозғалыс үлесі артып келеді.

Қуаныш Қожаев, Семей

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки