«АВИКОН-31» ерекшелігі неде?

Атырау жол дистанциясының дефектоскопия цехы жуырда ғана «АВИКОН-31» деп аталатын заманауи құрылғымен толықты.

Әрқайсысының құны 7,5 млн теңге тұратын жаңа заман құрылғысының 5 данасы сатып алынып,  бүгінде Атырау аймағындағы теміржол учаскелеріне бөлініпті. 

–«АВИКОН-31» атты рельстердің ақауларын іздейтін заманауи құрылғы биылдан бастап біздің салада қолданысқа енгізілді. Оның бұрынғы қондырғылардан ерекшелігі сол, жаңашылдығында, яғни жаңа қондырғы рельс бойындағы ақауларды рентген секілді компьютерде операторға ап-анық көрсетеді. Операторлардың күнбе-күнгі жұмыс қорытындысын Атыраудағы біздерден өзге, Ақтөбе және Астанадағы талдау бөліміндегі жауапты адамдар да  бақылай алады. Демек, жаңа қондырғының пайдалануға берілуімен бірге операторлардың жұмысына бақылау мен  жауапкершілік те күшейеді, – дейді 9-шы Атырау жол дистанциясының дефектоскопия цехының шебері Сапаш Шомиров.

 Айтарлығы, жаңа қондырғыларды меңгеру үшін  дефектоскопия цехының шебері Сапаш Шомировпен бірге 5 оператор Ақтөбе қаласында бір апталық арнайы курста оқып, жаңа дүниенің «тілін» меңгеріп келіпті.  Атырауға арнайы бөлінген 5 жаңа құрылғының 1-уі Сағыз – Мақат бөлімшесіне, ал  Атырау – Мақат және Ганюшкин – Атырау бөлімшелерінің әрқайсысына 2 құрылғыдан бөлінген.      Ақтөбе қаласындағы оқу-меңгеру курсында білім жетілдіріп келген соң, Сапаш Шомировтың бақылауымен Ганюшкино және Атырау бөлімшелерінің операторлары Жасұлан Қорғанбаев пен Жеңіс Аманғалиев  жаңа қондырғыны теміржол табанына салып, алғашқы бақылау-тәжірбие жұмыстарын жүргізді.

Жаңа  қондырғыны меңгеру еш қиындық туғызбағанын айтқан операторлар,  «құрылғының дыбыс беруі мен рельс бойындағы ақауды компьютерде көрсетуі –теміржолда болуы ықтимал апаттардың алдын алуға орасан зор көмегін тигізеді» дейді.

Тұрсын ҚАЛИМОВА

АТЫРАУ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки