Уақыт бізді ерте есейтті…

Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, адамзатқа қасірет әкелген жылы ол не бары үш жаста еді. Әкесі Құсмұрын станциясынан алғашқы лекпен майданға аттанды. Сондықтан, тілі енді шыққан бала болса да, соғыс ерте есейткен барлық замандастары секілді сол бір алапат жылдар оның жадында мәңгі сақталып қалды.   

         Теміржолшы ардагер Сабырхан Нұрпейісов осылай, бала кезінен аштықтың, жоқтықтың не екенін, үлкендердің қабағы қатулы кейпін ерте көріп, біліп өсті. 1945 жылдың 8 мамыры күні ол жеті жасқа толған. Ертесі көптен күткен Жеңіс күні туды. Әкесі майданнан жаралы болса да тірі оралды, артынан мүгедек болып қалды. Сондықтан ол отбасын асырай алмады, бұл жағдай Сабырханның үлкен өмірге ерте араласып, отбасын асырау міндетін жауапкершілігіне алуына себеп болды.

          Мектептен босаған уақытта бір күндік қара жұмыстарды істеп, ақша тауып, анасына әкеп беретін қаршадай бала есейгенше асықты. 14-15 жасында жазғы каникулда теміржолдың бойындағы шөбін тазалап, күтімін жасап ақша тауып, сонымен қатар тәжірибе жинап жүрген жасөспірім бірнеше жылдан соң мұнда мәңгі қалып қойды. Ресми еңбек жолын туған станциясы Құсмұрында жолшы болып бастаған ол кез келген жұмыстан қашпайтын әрі тастай етіп тындырымды орындайтын қызметінің арқасында көзге бірден түсті. Жол монтері болып жүрген жас жігітке үлкендер оқып білім алуға кеңес берді. Солардың ақылымен  Целиноград темір жол техникумына оқуға түсіп, теориялық білімін молайтты.  Туған жеріне қайта оралғасын жол шебері қызметіне кіріседі, ал 1972 жылы тәжірибелі маманды Державин станциясына аға жол шебері етіп тағайындайды. 

Көріп отырғанымыздай, Сабырхан Уәлиұлының өмір жолы болат жолдай берік және таза еңбектен өрілді. Өмір бойы өз қызметіне адал болып, еңбегін отбасы мен еліне арнады. 1996 жылы зейнет жасына шығып, еңбек ардагері атанды. Алайда зейнеткерлікке шықса да тынымсыз еңбегін тоқтатпай, міне, 20 жылдан астам уақыт бойына Державин станциясындағы бастапқы ардагерлер ұйымының төрағасы қызметін атқарып келеді. Жұбайы да теміржолшы ардагер, екеуі  отбасында 5 бала тәрбиелеп өсірсе, соның екеуі ата-анасының жолын қуып, теміржолшы кәсібін таңдады. 

Биылғы Жеңіс мерекесі қарсаңында Сабырхан Нұрпейісов өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Бар саналы ғұмырын теміржолға арнаған ақсақал: «Өмірде ең бастысы – тәртіп пен жинақылық. Онсыз адам жетістікке жете алмайды, ал теміржолда бұл – жазылмаған заңдылық. Сонымен қоса егде тартқан адамдар мен зейнеткерлерге қамқорлық көрсетудің маңыздылығын естен шығармайық. Себебі өткенсіз болашақ жоқ», – дейді.

Аслан ҚҰДАБАЕВ, Қостанай

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки