Теміржол маған бәрін берді…

Атбасар – теміржолшы кәсібін ертерек игерген жер. Мұнда теміржолшылардың бірнеше ұрпағы ауысып үлгерді. 41 жылдан бері туған станциясында  вагон шаруашылығында  еңбек етіп келе жатқан Виктор Онищенко – теміржолшылар әулетінің жарқын өкілі.

Ол таяуда Бүйір рамасына байланысты өткен айлық кезінде астық тиелген жүк вагонының бүйір рамасынан 11 мм-лік екі ақау тауып, кезекті рет қауіптің алдын алды. Айлық аясында тапқан күрделі ақауына сыйақы тағайындау әлі де жүруде. Виктор Онищенко бәз біреулер секілді еңбегін бұлдап көрген жан емес. «Мен таптым, ар жағын басшылық өздері біледі» дейді еш саспастан өз ісінің білгірі.

Мектепті тәмамдаған соң Ленинградқа барып, теміржол техникумының  вагон шаруашылығы  мамандығы бойынша білім алған Виктор Иванович 62 жыл ғұмырының қырық жылдан астамын осы сүйікті саласына арнаған. Әке-шешенің жолын қуып, тура солар еңбек еткен Атбасар станциясының вагон шаруашылығы саласына жұмысқа араласқаны күні кеше секілді еді. Сыныптай сырғып арада қырық жыл уақыт өтіп кетіпті. Анадан алтау туса да, отбасында әке-шешенің жолын қуған жалғыз өзі.    

– Менің өмірімде Кеңестік кезеңнен бастап қаншама рет ақаулар табу, қаншама марапат алу болды. Талай рет марапат алдым, – дейді күлімсіреп. –  Бұл салаға еңбегім сіңгенін ешкімге жарияламаймын, өйткені, өзім қалаған мамандығым, сүйікті кәсібім, соны атқару – маған зор мәртебе.

Осы өмірінде ағымдағы жөндеу шебері, аға вагон қараушы, тағы да басқа вагон ісінің жауапты қызметтерін атқарған теміржолшының зейнеткерлік жасы да жақындап келеді. Сондықтан ол бар білгенін кейінгі жастарға үйретіп кеткісі келеді, сондықтан болар шәкірттері де көп. Үш баланың әкесі, 6 немеренің атасы болып отырған ол өзін төрт құбыласы сай жанмын  деп санайды. Ал теміржол сізге не берді деп сұрағанымда: «Теміржол маған бәрін берді. Неге десеңіз, сонау 90-жылдардағы аласапыран кезде мен осы теміржолда еңбек етпей, басқа жақта қалғанымда білмеймін кім болып кететінімді. Сондай қиын кезеңдерде құламай, отбасымды асырап алып шығуым – осы теміржолдың арқасы», – деп еске алады кейіпкеріміз.  

Ұлан ОРАЗ

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки