Салмақ жолшыларға түсіп тұр

Шымкент жол дистанциясында сәуірдің 2-сі мен 30-ы аралығында  «Абайлаңыз, жолда мал!» айлығы және сәуірдің 10 мен мамырдың 10 аралығында санитарлық тазалық айлығы болып өтті.

Дистанцияның жетекші инженері Ақтолқын Жоланова айлық барысында Шымкент станциясындағы ЖІІб қызметкерлерімен бірге 1508 мал иелеріне түсінік жұмыстарын жүргізген. Теміржол бойында мал жаюдың тәртібі жазылған, егер тәртіпке бағынбаса, әкімшілік шара қолданылатын заңнамалар жазылған 1328 парақша тарқатқан. Айлық кезінде машинистердің жолда мал қағу оқиғасы орын алмапты. Дегенмен, жолға шығып кеткен төрт-түліктің  кесірінен 4 рет шұғыл тежеу қолданған. Жыл басынан 28 рет шұғыл тежегіш қолданылыпты. Елді мекендерде, халық тығыз орналасқан тұстарда қоршау болғанмен, тұтас дистанция бойына, әрине, малдан қоршау жүргізілмеген. Көктем шыға тұрғындар төрт түлігін жайылымға шығарады. Әрі соңғы жылдары қараусыз малдың жол бойында жүруі көбейген. Сондықтан, жоғарыдағыдай айлықтар жиілеп, мал иелерімен түсіндіру жұмыстары күшейтілген.

– Көкбұлақ, Бадам бекеттерінің бойында, Арыс-Қалаш арасында тыйым салынған жерлерге малдарын арқандап кететіндер көп. Біз тәртіп сақшыларымен түсіндірме жұмыстарын жүргізуден басқа жазаға тарта алмаймыз. ЖІІб қызметкерлері де тек малды басқанда ғана шара қолданады, — дейді Ақтолқын Асырауқызы. Дегенмен, осындай екіжақты жүргізілген жұмыстар нәтижесі болар, жыл басынан бері төрт түліктің пойызға басылу дерегі тіркелмепті.

Ал санитарлық тазалық айлығында дистанциялықтарға 193 км жолдытұрмыстық қалдықтардан, шөптерден тазалау міндеттелген. 54 нысанды ақтап, сырлаған. Оның ішінде жолшылардың әр айналым жолындағы жылынатын қосындары бар. Оған қоса 1380 шаршы метрді қамтитын жолшылар ғимараттарының аумағы да қыстан қалған қалдықтардан тазартылған. Жолды ағымдағы күтіп-ұстау инженері Дана Өмірбаеваның айтуынша, өтпе кезекшілері отыратын ғимараттар, жолшылардың құрал-саймандары тұратын және жаңбырда паналайтын 21 қосын ақталып, сырланған теміржол бойындағы 370 сақтандыру белгілері жаңарған. Кеңседегі мамандар аулаға гүл мен тал еккен. Жолға ағымдағы, күрделі жөндеу жүргізгенде жол бойында рельс сынықтары, т.т. темір-терсектер қалып кетеді. Айлық кезінде солардың бәрі алынып, жол бойы тазарып қалған. Қысқасы, екі айлық та жолшылар қауымына үлкен салмақ салып, жұмыстарын ширатуда.

Бекәли АЛТЫН, Шымкент

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки