Жолаушылар игілігі үшін

Семей темір жолы бойынша аймақтағы вокзалдар жұмысын жандандыруға көңіл бөлінуде. Бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаевтың тікелей бастамасымен ағымдағы жылдың басынан бері бірқатар шаралар қолға алынған. 

Ең бірінші кезекте жалпы ұзындығы 724 км бас жолды қамтитын бөлімше желісінің бойына тазалық шаралары ұйымдастырылды. Бұл ретте сенбіліктер айы саналатын сәуір айында барша теміржолшылар жұмыла жұмыс жасады. Әрине,  шаһар қақпасы саналар вокзалдарға ерекше басымдық берілді. Мәселен, Аягөз вокзалының қызметкерлері сәуір айында әрбір сенбі сайын санитарлық тазалық шараларын ұйымдастырды. 

– Өткен сәуір айы бойы сенбіліктер өткізілді. Вокзалдың ішкі-сыртқы келбетін эстетикалық талаптарға сай ету басты бағыт болды. Сосын, әрине, жолаушыларға көрсетілер сервистік қызметтер сапасын арттыру, түрін көбейту де көзделуде.    Мамыр мерекесінен соң петуния, астра, раушан сынды жұпар иісті гүлдер отырғызуды бастадық. Астана қаласының 20 жылдығына орай жолаушыларға тосын сый әзірлеу де ойымызда бар, – дейді Аягөз вокзалының бастығы Жанар Көкебаева.

Бас қаланың мерейтойына орай орын алған тағы бір тың жаңалық сәуір айынан бастап №312-311 Семей-Қарағанды пойызының бағыты ұзартылып, Елордаға дейін қатынайтын болды. Бұл Ақтоғай-Шар телімі аралығындағы станциялар үшін бұрын-соңды болмаған айрықша тарихи оқиға болып отыр.

Сондай-ақ, жолаушылар нөпірі мол Семей және Жаңа Семей, Шар, Жаңғызтөбе станцияларындағы вокзалдарда да ағымдық жөндеу жұмыстары биыл ертерек қолға алынып, сенбіліктер өткізу жиілетілген. Семей магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Айдын Шәукежановтың тікелей қадағалауымен вокзалдардағы қоғамдық тәртіпті сақтау мен қауіпсіздік шаралары да күшейтілуде. Жалпы, Астана тойы қарсаңында жолаушылар үшін жасалынатын қолайлылық әлі де арттырыла түспек.

Қуаныш Қожаев, Семей  

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки