ЖАНБАЙДАҒЫ ЖҮЗДЕСУ  

Қараусыз малдардың темір жол бойында ауа жайылуы – бүкіл теміржолшылардың «бас ауруына» айналғалы қашан. Жолға шығып кеткен малды басудан сақтанып, локомотивтердің шұғыл тежеу қолдануы, қаржы шығынымен қоса пойыздардың қозғалыс кестесінің бұзылуына әсер етіп,   жол жиегіндегі қорғаныс екпе ағаштары мен қоршаулардың бүлінуіне әкеп соғуда.    

 ҚТЖ бойынша  ағымдағы жылдың 2 сәуірінен 30 сәуір аралығында «Сақ болыңыз, теміржолда мал жүр!» айлығы жарияланған болатын. Соған орай Атырау жол дистанциясының  бас инженері Ж. Жүнтүрбаев, өндірістік-техникалық бөлім жетекші инженері С.Нұғыманов, жол шебері М.Жиенғазиевтер Исатай ауданы Жанбай ауылдық округі мәдениет үйінде өткен үлкен жиынға қатысып, жергілікті әкімшілік, ауылшаруашылық мамандары, шаруа қожалық иелері және басқа да мал иелерімен бірге ортақ мәселелерді талқылады.

Жиында теміржолшылар тарапынан қараусыз малдың теміржолға келтіретін зардаптары жан-жақты сөз болды. Әкімшілік, ауылшаруашылық мамандары малдың қараусыз кетпеуі үшін мал иелеріне  ең бірінші малды есепке тіркету жұмыстарына бей-жай қарамауларын сұрады. Себебі есеп тек тіркеулі малдармен жүргізілетіндігін, каналдарды ашқанда да тіркеудегі мал санына қарап жіберілетіндігін айтып, мал иелерінен уақытында малды тіркетуді сұрады.

– Тіркеусіз малдар пойыздар қозғалысына қауіп төндірген төрт тұяқтының иелерін анықтауға кедергі келтіреді. Атырау жол дистанциясы қызметкерлері қанша уақыттан бері елді мекендерді аралап, мал иелерімен түсінік жұмыстарын жүргізіп-ақ келеді, нәтиже жоқ. Мал иелері бірігіп бақташы жалдау соншалықты қиын ба? – деп сауал тастады дистанцияның жол шебері және аудандық мәслихат депутаты М.Жиенғазиев.

    Жиында ауыл тұрғындары жағдайға түсінсе де теміржол бойына жақындатпауға мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Себебі су көздері жолдың оңтүстік шығыс бетінде, жайылым көзі солтүстік батыс бетінде. Осындай жайылымға үйренген малдарды қайтарып бағу қиындықтар туғызуда екен. Дегенмен өндірістік-техникалық бөлім инженері С.Нұғыманов мал иелеріне теміржолдың жиегінде мал жаюдың заңдылықтарын түсіндіріп өтті.

  – Малды теміржолдың айналасында бағудың өз ережесі, өз тәртібі бар. Әр елді мекеннің, шаруа қожалықтың мал жаюға арналған белгіленген учаскесі болуы тиіс. Мал белгіленген учаскелердің ішінде бағылады. Жергілікті әкімшіліктер теміржолдың айналасынан шаруаларға жайылымдық жер берген кезде теміржол қауіпті аймақ екендігін ескерсе дейміз. Теміржолға жақын берілген жайылымдық жерлерде шаруаларға қауіпсіздік талаптары қойылуын және оның орындалуын тиісті мекемелер қатаң қадағалауына алуын сұраймыз, – деді ол. 

 «Теміржол көлігі туралы» және басқа да теміржол көлігіндегі нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес нұсқаулықтар бойынша қоршалмаған учаскеде малды теміржолдан 300 метр қашықтықта арқандаулы бағуға ғана рұқсат берілген, ал теміржолдан 2000 метр қашықтыққа дейінгі малдар үнемі қадағалаумен бағуға рұқсат етілген. Тиісті заңдылықтар сақталмаған жағдайда теміржолдың жиегіне мал жайғаны үшін және теміржолдың материалдарын бүлдірген болса, мал иесіне ҚР заңының «Көлік және жол шаруашылығындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы»  30-бөлімнің 559-бабына сәйкес әкімшілік шара қарастырылған.

     Көптеген мал иелері жергілікті табиғат жағдайына байланысты, шөп бар жерде су болмайтынын, су бар жерде шөп болмайтынын, соған байланысты малды бос жіберетінін айтуда. Бірақ заман талабына сай қазір малды бос жіберіп бағуға болмайтынын уақыт дәлелдеуде. Әлемде табиғат жағдайы бізден де нашар, жер көлемі бізден де кіші мемлекеттердің шаруалары жерлерін нуға айналдырып, бізден де көп ауылшаруашылық өнімдерін өндіріп отырғанына қарайтын болсақ, біздікі сылтау сияқты. Яғни мал бағудың заманауи методикасы берілген учаскені гүлдендіріп, сол учаскенің ішінде малдан барынша мол өнім алу десек, артық айтқандығымыз болмас.

Нұргүл Берікқызы, Атырау

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки