Логистиканы дамыту – транзиттік әлеуетті көтерудің кепілі

Қытайдың Боа қаласында «Әлемнің гүлденуі үшін ашық және инновациялық Азия» форумы өтіп, оның шеңберіндегі «Көлік логистикасының болашағы» сессиясына «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Қанат Алпысбаев қатысып, сөз сөйледі.

Компания жетекшісі аталған жиын барысында Қазақстан аумағы арқылы өтетін еуразиялық көлік дәліздерінің дамуына қатысты мәселелерді ерекше көрсетіп, қазіргі заманғы көлік инфрақұрылымын салу және жаңғырту бойынша жүзеге асып жатқан жобалар туралы баяндады.  

Қанат Алпысбаевтың айтуынша, Еуразиялық көлік дәліздерін дамыту үшін соңғы он жылда Қазақстан көліктік-логистикалық инфрақұрылымға 30 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған. Бүгінде жаңа инфрақұрылымды, соның ішінде, ІТ инфрақұрылымдары жобаларын салу және дамыту жалғасуда. Ал 2020 жылға қарай инвестициялар 8,4 млрд доллары шамасын құрамақ, бұл өз кезегінде Жібек жолының сауда ағынына серпін берері анық. Сонымен қатар қазақстандық даму бағдарламасы көрші және қатысушы елдердің бағдарламаларымен табысты бірігіп, оң нәтижесін беруде. Соның бірі деп қазақстандық «Нұрлы жол» бағдарламасы мен қытайлық «Бір белдеу – бір жол» бастамасының тоғысуын айтуға болады. Соның арқасында көліктік-логистикалық инфрақұрылымдардың озық дамуы қамтамасыз етіліп, жаңа трансқұрлықтық дәліздер архитектурасы қалыптасып отырғанын айтады ҚТЖ басшысы.   

Ал Каспий теңізі, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия порттары бағытында инфрақұрылымды дамыту бойынша бірлескен жоспарлар мен жобалардың жүзеге асырылуы, мультимодальдық тасымалда технологиялық үйлесімділік пен жылдамдықты қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде жерүсті бағдарлары бойынша Еуразия нарығына жүкті жеткізу жылдамдығы 10-нан 12 мың км қашықтық  аралығында 13-16 күн шамасын құрауда.

«Бұл аталған тасымалға сұранысты арттыруда, теміржол инфрақұрылымы бойынша Азия мен Еуропа арасында Қазақстан арқылы жүк ағыны жыл сайын екі еселік өсіммен артып отыр. Бүгінде Қытайдың 17 провинциясымен, Вьетнам, Оңтүстік Кореямен ынтымақтастығымыздың арқасында 200 мыңнан астам контейнер тасымалдануда. Биыл 350 мың ЖФЭ көзделіп отыр, 2020 жылға қарай бұл тасымал 800 мың ЖФЭ-ге жетеді деп болжануда» деп атап өтті Қанат Қалиұлы.

Қазақстанның логистика саласындағы тың бастамалары мен қол жеткізген жетістіктері де форумға қатысушыларға кеңінен таныстырылды. Мәселен, Қазақстан мен Қытайдың бірлесе іске асырған жобасы ретінде Ляньюньган портындағы көліктік-логистикалық терминалды атауға болады. Мұнда Қазақстанға және транзит арқылы Орталық Азия елдері мен Еуропаға бағытталған Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияның жүк ағыны шоғырланады. Сайып келгенде, бұл ынтымақтастық Қазақстанның экспорттық және транзиттік жүктерінің әлемдік теңізге тікелей шығуын қамтамасыз етуде. Өткен жылы Ляньюньган порты мен Cosco Shipping Қытаймен шекаралас аймақта орналасқа «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-дағы қазақстандық «Құрғақ портқа» акционер болды. Бұл не береді дейтін болсақ, ол өз кезегінде теңіз және жер үстіндегі контейнерлік активтер сервистерінің үйлесімділігі, сондай-ақ, жүк ағынын контейнерлендіру үдерісінде технологияларды жетілдіру болмақ.

Ал логистикалық активтерді басқаруға және «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ны дамытуға Қазақстанға белсенді көмек көрсетіп отырған «DP World» компаниясымен бірлесе биыл логистикалық активтерді жекешелендіру бағдарламасы, сондай-ақ, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, логистикалық және сауда индустриясының перспективалы жобалары жүзеге асырылмақ.

Көлік логистикасының болашағы тағы бір маңызды дүние, заманауи технологиялық өнімдерді пайдалана отырып, мәселен, аралас мультимодальды операциялар: Rail-Air, Rail-Road, Rail-Warehouse-Road сияқты жүйелерді  жетілдірумен тығыз байланысты екенін айтады Ұлттық компания жетекшісі.  Осылай ғана тауарлардың түрлі топтары үшін баға бойынша оңтайлы және мейлінше шапшаң шешімдер жетілдірілмек. Оның жарқын бір мысалы ретінде ҚТЖ мен Hewlett Packard компаниясының бірлесе енгізген Rail-Air жобасын атауға болады. Бұл жобаға сәйкес Чунциннен жүк теміржол көлігімен Қазақстан әуежайына, одан әрі қарай әуе көлігімен Амстердамға 6-7 тәулікте жеткізілмек, бұл Қытайдан тікелей әуе көлігімен жүкті жеткізгенге қарағанда 3 есеге арзан, бұған  қытай әуежайлары мен инфрақұрылымында жүктің көп тиелетінін қосыңыз, демек, бұл жоба барлық бағдардағы жылдамдықтың  қосымша есесін қайтарып бермек.

«Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына орай Қазақстанда экономика салаларында «Цифрландыру» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып жатыр», – деген Қ.Алпысбаев, көлік пен логистикаға процестерді басқару және клиенттермен жұмыс барысында қызметтерді жетілдіру бойынша  жаңа сандық шешімдерді қолдануға және blokchain технологиясы негізінде оларды біріктіруге маңызды рөл бөлініп отырғанын атап өтті.

«Біз Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-дағы Құрғақ портқа терминалды  басқаратын NAVIS жүйесін енгізіп қойдық. Жақын күндері контейнерлер  мен мультимодальды операциялармен жұмыс істейтін терминалдар мен порттарға, DP World платформасына Порттық коммуникациялар жүйесін (PCS) енгізу жоспарланып отыр», – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшысы.  

Сонымен көлік логистикасының болашағы тасымалдың барлық процестерін және трансқұрлықтық бағдарлардағы клиенттердің өзара әрекетін бірыңғай сандық кеңістікте блокчейн технологиялары арқылы біріктіру, яғни электрондық сауда алаңын қолданып және оларды уақытылы логистикамен қамтамасыз ету болмақ.

 

Сұлугүл БАКЕСОВА 

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки