Қауіптің беті қайтты

Ел шығысындағы теміржолшылар үшін көктемгі су тасқынымен күрес шаралары қызу жүріп жатыр. Өйткені, өңірдегі гидрометерологиялық ахуал апта соңында күрделене түсіп, Өскеменді су басты. Семей магистральдық желі бөлімшесі бойынша Аягөз және Защита өңірлеріндегі жағдай біршама алаңдатып тұр.  

 Жалпы Шығыстағы 8 аймақ көктемгі қызыл су басу мүмкіндігі жоғары аумаққа жатады. Оның ішінде, Семей және Защита теміржолына қарасты аумақтағы 83 елді мекенде су деңгейі көтерілу мүмкіндігі жоғары саналады. Осыған дейін Семей магистральдық желі бөлімшесі басшылығы шұғыл жұмыстар жоспарын жасап, көктемгі су тасқынына тосқын қою бойынша бірқатар алдын алу шараларын жүргізген-ді. Оның ішінде су қоймаларының деңгейі тәулік бойы бақылауға алынды. Сондай-ақ, Глубокое ауданының Казиевка станциясында жаттығу жүргізіліп, «рельстен шыққан вагондарды» жолға салу, «пойыздың жолын тосқан тасқын суды» құм төсеу арқылы «ауыздықтау» шаралары жүргізілген-ді. Жаттығу қазіргі күні тосын оқиғалар орын алған шақта көмекке келуде. Екі күн бойы толассыз жауған қарлы жаңбыр салдарынан сай-саланы су алып, таудан құлдилаған қызыл су Аягөз қаласына кірген болатын. Нәтижесінде наурыздың 11-і күні кешке қарай шаһар бойынша төтенше жағдай жарияланып, барлық күш құрылымдарымен қатар теміржолшылар да қызылсумен күрес жүргізу шараларына жұмылдырылды. Бұл ретте алдыңғы шепте жергілікті ПЧ-42 мекемесінің жолшылары жүрді.

Жексенбі күні кешкісін Аягөз ауданындағы автокөлік жолдары жабылды. Оның ішінде республикалық маңызы бар Қарағанды-Аягөз, Семей бағытындағы Қалбатау-Аягөз тас жолдары барлық қоғамдық көлік үшін жабық. Сол тәрізді нөсер жаңбыр мен су тасқынына байланысты Зырьян қаласына дейінгі жол бірнеше тәулік қатарынан жабық күйінде қалып отыр. Қазіргі күні жолаушы тасымалы бойынша аталмыш бағытқа Защита станциясынан қосымша пойыз қатынауда.

«Қазгидромет» мекемесі таратқан ақпаратқа сүйенсек, жер тоңының 1,5 метрге жетуі қар суының сіңбеуіне әкеліп соққан. Оның үстіне екі тәулік ішінде облысқа жауын-шашынның бір айлық нормасы түскен.

– Табиғаттың тосын мінезі салдарынан желі бойындағы теміржол нысандарына ешқандай нұқсан келген жоқ. Жол өтпелері мен көпірлер де дін аман. Оған басты себеп, көктемгі тасқынның алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізілді. Қауіпті деп саналған желі маңындағы суағарлар мен арықтар толықтай аршылып, тазартылған болатын. Қар шығару жұмыстары да мезгілімен жүргізілді. Сол себепті апаттан аманбыз. Теміржолшылар тек қаладағы коммуналдық қызметкерлерге, төтенше жағдайлар мамандарына көмектесуде. Дәл қазір өңір бойынша жауын-шашын толастады. Ауа температурасы күрт төмендеп, қар суының беті қайтты. Апат қаупі сейілді. Дегенмен барлық жағдайға тас-түйін даярмыз, – дейді Аягөз жол дистанциясы техникалық бөлімінің бастығы Болат Мұстафинов.
Мамандар сөзіне сүйенсек, бүгінде әр дистанция бойынша арнайы түрде жабық вагон бөлінген. Одан бөлек 272 көпір, 58 құбыр, 69,7 км арық, 16,5 км тау етегіндегі ор, 58,7 км су жүретін арналар қардан толық аршылып, тазаланған. Жалпы, Семей ЖТ бөлімшесі бойынша, су шаю қаупі ең жоғары аумақтарға Жаңа Семей және Аягөз жол дистанциясының қарамағындағы телімдер жатады. Алайда, биылғы жылы қардың аз мөлшерде түсуінен қауіптің беті әрі.

Сондай-ақ, бөлімше қарамағындағы желі бойында жалпы саны 89 қауіпті орын бар. Атап айтсақ, ПЧ -39-да – 6, ПЧ-40-та – 13, ал Аягөз жол дистанциясы бойынша 20 орынды қызылсу шайып кету қаупі бар екен. Мұнымен қатар, кейбір телімдердегі жерасты суларының жақын орналасуы қауіпті тіптен еселей түсуде. Сондықтан бүгінде барлық станцияларда тәжірибелі жолшылар қадағалау жұмыстарына бекітілген.

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки