Тасқынға дайындық тастай

Атырау облысында 2015, 2016 жылдары екі жыл қатарынан апталап жауған нөсер жауыннан мыңдаған үйлер, авто, темір жолдарды су алып, жергілікті халық зардап шеккені белгілі. Соған орай өңірде жыл сайын сақтық шаралары алынуда.

 Әрине, Атырауда қар көлемі биыл әдеттегіден аз түсті. Бүгінде ауа райының жылына бастауымен аз қар біртіндеп еріп те кетуде. Ақтөбе облысындағы өзендердің су бассейндерінде ылғалдану әдеттегіден 20-40 пайызға кем, ал Жайық өзенінің бастауында, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары аумағында қардың көлемі жылдағыдан аз. Дегенмен, аймақ теміржолшылары қамсыз емес, көктемгі су тасқыны аймаққа еш зиянын салмай өте шығады екен деп қаннен-қаперсіз отыруға  болмайтынын олар жақсы біледі. Әсіресе, Құрманғазы, Исатай ауданында қауіп бар. Өйткені су бөгеттері – дамбалардың соңғысы 1994 жылы салынған. Ал аталған аудандарда Исатай, Аққыстау, Бекбике, Д.Нұрпейісова, Ганюшкино, Ақсарай, т.б. станция-разъездер бар. Шапқан аттан озып кететін су тасқыны келер болса, ол бекеттерге қауіп зор. Сондықтан, қала-аудандардағы арнаулы техникаларды, тасқынға қарсы тұрғызылған бөгеттерді жөндеу, елді мекендердің қауіпті аймақтарына топырақ, қапшық, жанар-жағармай жеткізу, темір жол бойын су тасқынынан сақтау ісіне тастүйін дайындық жасалған. 

Мыалы, Атырау магистральдық желі бөлімшесі бойынша 2018 жылғы көктемгі сең тасқыны, өр, жаңбыр сулары ағысы кезінде жолдың, жол төсемінің және жасанды құрылыс кешендерінің сақталуы мен тұрақты жұмыс істеуін алдын ала ұйымдастыру барысындағы техникалық іс-шаралар өз деңгейінде орындалуда. Облыс аймағындағы темір жол торабы бойынша негізгі жолдың ұзындығы – 555,8 км. Бөлімшенің қызмет көрсету аралығында 56 көпір, 204 темірбетонды су құбырлары бар.

Атырау облысы аумағында негізінен Жайық өзені өтеді, сондай-ақ Қиғаш, Жем, Ойыл өзендерінің де тасуы мүмкін жағдай, ауа райының жылуына байланысты мұз біртіндеп еріп жатыр. Каспий теңізі де бүйірде тиіп тұр. Биылғы жылы жауған қар көлемі жылдағыдан көп болмағанымен, су негізінен Ресейден ағыспен келетіндіктен, су тасқыны болуы қашан да мүмкін жағдай. Әсіресе Ресеймен шектес Қиғаш өзенінен қауіп бар. Соған орай, бүгінде бөлімше бойынша сақтық жұмыстары ұйымдастырылып, көктемгі су тасқыны жұмыстары үшін вагондармен келген жабдықтар бекітілген станцияларда тұр. Атырау облысы аймағына қарасты теміржол торабы бойынша су шайып кетуге қарсы 2 пойыз құрамы, 15 вагон жасақталған. Оның ішінде Ірілендірілген Атырау жол дистанциясы бойынша бір пойыз, 9 вагон Ганюшкино станциясына, 6 вагон Құлсары станциясына бекітілген. Атырау станциясы басында қазіргі уақытта құрал-жабдықтар, күрек, қайла, зембіл, құм салынған қапшықтар, т.б. тиелген 1 вагон және рельс пакеті, темірбетон шпалдар тиелген вагондар тұр, ал Ақжайық станциясында темірбетон шпалдар тиелген 2 вагон дайын тұр. Барлық вагондардың орналасу орындары – Ганюшкино мен Құлсары станциялары.

Атырау, Құлсары жол дистанциялары бойынша су тасқынына қарсы барлық материалдар вагон-вагонымен келіп тұр, қандай жағдайға да әзір. Атырау, Ақтөбе жол тораптарын су тасқынынан қорғау жұмыстары бойынша тиелген хоппер-мөлшерлегіш вагондары, шағылтас станцияларға қойылуда.

– Қазірде магистраль желісіне қарасты дистанциялардың жауапкершілігіндегі жасанды құрылыс нысандары,  көпірлер, темірбетонды тұрбалар, кюветтік су ағысы жыралары қардан, қоқыстан тазартылып, күнделікті күтіп-ұстау, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Су тасқыны кезінде шайып кету қаупі бар көпірлер мен тұрбалар күнделікті диспетчерлік бақылауға алынған. Дистанция қызметкерлері барлық объектілерді қырағы бақылауда ұстап отыр,– дейді Атырау магистральдық желі бөлімшесінің директоры Елеубай Сапаров.

Қосұйым Мұқашев, Атырау

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки