Станция жұмысында кідіріс жоқ

Шиелі станциясы Қызылорда ЖТ бөлімшесіндегі маңызды торап болып саналады.  Әр айдың жүк тиеу-түсіру, жүк құжаттарын рәсімдеу және басқа да станциялық жұмыстарды талапқа сай орындап отырған станция тынысы тәулік бойы тынған емес. 

Өткен жылдың желтоқсанында межеленген 3 вагон орнына 8 вагонға  497 тонна жүк тиеп, жоспарды 267 пайызға орындаса, жыл бойы 774 вагонға 46572 тонна жүк тиеген екен. Өткен жылдың 12666 вагоннан жүк түсіру межесін 12976 вагонға жеткізіп, жоспарды 102 пайызға орындаған.

– Биылғы жылы да сол қарқынын бәсеңдетпеген шиеліліктер қаңтар айында 11 вагонға 741 тонна жүк тиеп, 1060 тонна жүк түсірді, – деп мәлімдеді Шиелі станциясы бастығының орынбасары Нұрғали Әбжаппаров.

Жыл басы болғандықтан кейбір көрсеткіштердің орындалуында аз-кем олқылықтар болғанмен алдағы кезеңдерде олардың орнын толықтыруға мүмкіндіктер болатынына сенімді. 

– Шиелі станциясы бөлімшедегі жүк тиеу-түсіру жұмыстары үздіксіз жүргізілетін станция болғандықтан мұнда тәулік бойы жұмыс жүреді. Өткен жылдың қорытындысында жұмыс көрсеткіштерін 98 бен 115 пайыз аралығында орындаған едік, биылғы жылы да осы межеден төмендемесіміз анық, – дейді Нұрғали Жүрсінұлы.

Жыл басынан бергі мерзімде станция басшылығы тарапынан тұрақты клиенттермен кездесу, түсіндіру жұмыстары да үздіксіз жүргізіліп, теміржол арқылы тасымалданған жүктерге берілетін жеңілдіктер мен қосымша мүмкіндіктер жайлы насихат жұмысын жүргізіп келеді екен. Нәтижесінде «Казатомпром» кәсіпорнымен қоса осы мекеменің еншілес кәсіпорындары «ТТК-Шиелі», «МКС компаниялары» және де тұрғылықты кәсіпкерлерден «Мырзабаев», «Тұрманов», «Тәжібаев» сынды заңды тұлғалармен тығыз қарым-қатынас орнатылған.

Станцияда «бөтен» адам жоқ. Вагондарға жүк тиеп-түсіру, кірме жолдарға вагонның берілуі және жүк операциясы орындалған соң оны қайта қабылдап кері жөнелту, станция жолына келген жүк пойызындағы вагондарды бағытына қарай бөлшектеп, қайта құрастыру секілді жүмыстарды осы кәсіпке әбден төселіп, талай жыл мол тәжірибе жинақтаған теміржолшылар еңбек етеді.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Шиелі

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки