Қырағылық – апаттың алдын алды  

Қыс – қашан да теміржолшыларға зор жауапкершілік жүктейді.  Әсіресе, қозғалыс қауіпсіздігіне жауапты сала мамандары үшін әр күн қарбаласқа толы. Тек асқан қырағылық пен ұқыптылықтың нәтижесінде тосын жайттардың, тіпті өкінішке ұрындырар апаттардың да алды алынуда.

 Атап айтсақ, өткен жексенбі күні ел Шығысындағы Дегелең-Семей теміржолы телімінің 270,2-шақырымында орналасқан Шаған станциясында «Астана — Ридер» бағытындағы №376 пойыздан күрделі ақау табылып, қауіпсіздік мамандарын қарбаласқа салды.

Шаған станциясында орын тепкен Семей вагон пайдалану депосына қарасты бақылау бекетінің аға вагон қараушысы Сәбит Молдрахметов жылжымалы құрамның жүріс бөліктерін тексеру барысында дөңгелек блогындағы техникалық ақаулықты бірден анықтаған. Тальго вагондарындағы бұл кінәрат станциядағы  теміржолшыларды қауырт жұмыс жүргізуге жұмылдырды.

Мұндай қауіпті ақаумен пойыз сапарын әрі қарай жалғастыру мүмкін болмағандықтан бірден тоқтатылып, жолаушыларға мейлінше қолайлы жағдай жасалды. Тегін тамақ берілді. Сонымен қатар, тасымалдаушылар уақыт оздырмастан жедел қимылдап, 198 жолаушыны Семей станциясына дейін «Павлодар-Алматы» бағытымен бара жатқан №31 пойызға отырғызды. Ал, өзге 99 жолаушыны Өскемен мен Риддер қалаларына автокөлікпен жеткізу межеленді.

– Семей ЖТ бөлімшесінің мамандары осынау шаралардың басы-қасында жүріп, жолаушылар үшін барлық қолайлы жағдай жасалды,- дейді аталмыш оқиғаға байланысты пікір білдірген станция басшысы Айдос Тоқтаров.

Ал, 43 жасқа аяқ басқан Шаған станциясының тәжірибелі аға вагон қараушысы Сәбит Молдрахметов осыған дейін де бірнеше рет түрлі ақаулықтарды анықтап, қырағылығымен көзге түскен маман екен.    

Қуаныш Қожаев, Семей

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки