Бейнеттің зейнетін көргісі келеді…

Темір табанды жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жыл он екі ай жол бойында жүретін жаны сірі жолшылар еңбегін қалай дәріптесек те артық емес.  Әрине, бүгінде жол жөндейтін ауыр техникалардың көмегі аз емес, дегенмен басқа басқа, жол шаруашылығында адамның күші қашан да қажет. Жолшылардың жұмысын техника толық алмастыра алмайды.

 Қара жұмыс өз алдына, жыл он екі ай ашық аспан астында еңбек ететін жолшылардың көбі ерте қартайып, тынымсыз тірліктің нәтижесі денсаулықтан айрылатыны да жасырын емес. Көбі бейнеттің зейнетін көрмей, қарттықтың қызығын тамашалай алмай өмірден ертерек өтіп кететінін де көріп жүрміз. Сондықтан, жолшылардың да  57 жастан кейін салалық зейнет жасына шықсақ деген тілегі бар.  Мұны біз жолшылармен әңгімелескенде жиі естиміз.

  Шымкент жол дистанциясында үшінші айналымның жол шебері Мұхит Омаров бастаған жігіттер Шымкент – Қызылсай теліміне қарасты жол бойының қауіпсіздігіне жауап береді.  Олар қаңтардан бері әр жолшыға берілген бес шпалды екі жолшы бірлесіп көтеріп, күн сайын Шымкент – Қызылсай телімінде оншақты шпалды жаңартуда. Үшінші айналым жолында Ералы Сейдазовтың осы мамандықтың ыстық-суығына төзіп жүргеніне ширек ғасырға жуықтаған. Тәуірбек Ертаев жиырма бір жылдан бері өз кәсібінің шебері атанған.  Мұхит Омаровтың жолшының ауыр жұмысын иығына ілгелі  15 жыл толыпты.  Бекмұрат Төлбаев 12, Шәймерден Дүйсенбаев 10 жылдан бері жол жамап, қауіпсіздікке бір кісідей үлес қосуда. Жол шаруашылығының ыстығына күйіп, суығына тоңған бұл кәнігі мамандар  кейінгі келген жастарға кәсіптің қыр-сырын үйретіп,  жолшылардың жаңа буынын тәрибелеуде.

-Күннің суығында рельстер тартылып, арасы саңылауланады. Сондықтан, қыста негізінен арасы ашылған рельстерді ауыстырып, қайта бекітеміз. Бұдан бөлек ағымдық жұмыстар бар. Біздің жігіттер Шымкент станциясындағы 23 жолдың 1-12 жолына  жауапты. Қалған 13-20 жолға төртінші айналым жолының мамандары қарайды,–  дейді Мұхит Омаров.  

Өткен жылдың соңында, желтоқсан айында Түлкібас – Шымкент – Арыс – Түркістан – Сарыағаш телімдері бойындағы 43 км ағаш шпалдар тегіс темірбетонға алмастырылды. Осы науқанда үшінші айналым жолшылары демалыс тіпті мереке күндері үй бетін көрмей еңбек етті. Жұрт тынығып жатқан Тәуелсіздік күні де төрт күн қатарынан шпал ауыстырып, астындағы қиыршық тастарды жаңалады. Қыстың ауасында бел шешпей еңбек етіп, тапсырманы уақытылы орындағаны үшін Шымкент магистральді желі бөлімшесінің бастығы Марат Оңалов жігіттерге ризалығын білдірген.

Желтоқсанда жаңаланған жолдар бүгінде өз жемісін беруде. Телімде  пойыздар  жылдамдығы артып,  жол  қауіпсіздігі анағұрлым артқан.  

 

 

                                                                         Динар МЕЙІРМАН, Шымкент

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки