Салалық зейнет жасы қаралса…

Пойыз құрастырушы, вагон жылдамдығын реттеуші сынды қауіпті жерлерде еңбек ететін теміржолшылар салалық зейнетке ертерек шығуды қалайды.

Шымкент станциясының еңбек қорғау инженері Гүлжайна Талғатқызы біраз жыл бұрын пойыз құрастырушы, вагон жылдамдығын реттеуші, станция кезекшілерін ертерек зейнет жасына шығару жайлы жобаны оқығанын айтады. Онда салалық зейнетке әйелдерді 53, ерлерді 55 жастаншығару жайлы мәселе көтеріліпті. Әйел 58, ер кісілер 63-ке дейін осы ұлттық компания тарапынан зейнетақы алып тұрады. Бүгінде станциялықтардың  «ҚТЖ — Жүк тасымалы» АҚ басшылығы осы жобаны қайта қараса деген өтініштері бар. Себебі, 63 жасқа дейін пойыз құрастырушының вагонға секіріп мініп-түсуі ауыр. Қазір елуге келген пойыз құрастырушының өзі шапшаң жүре алмайды. Шымкент станциясында ауыр жұмыста істейтін жасы 55-тен асқан теміржолшылар   көп.

–Вагондар жылдамдығын реттейтін бір башмақтың өзі 7 келі. Әрқайсысы 7 кг болғанда 10 башмақ 70 кг тартады. Қазір есеп бойынша 60 вагондық бір құрамға 14 башмақтан  жоғары бекітеді. Құрам жылжитын кезде қайтадан жинап алып кетеді. Башмақты ары-бері жылжытатын ашасын тағы көтеріп жүреді. Жұмыстары өте ауыр. Зияндылық үшін 12 пайыз жалақыға қосып төлейтіні бар, бірақ ол аз қаржы не болады? Маман тек башмақты көтеріп қоймай, күні бойы қанша шақырым жүреді. Зейнетке шығарудың әзірге мүмкіндігі болмаса,  жеңіл жұмыстарға ауыстырылса екен. Біздегі пойыз құрастырушының ең үлкені 40 жаста. Вагон жылдамдығын реттеушілердің алды 57-де. Қыстың суығында, жаздың ыстығы мен күзде жел өтінде, көктемнің жаңбырында жүріп осындай жұмыс атқаратын  маманның еңбегін елеп, денсаулығынан айырылмай тұрғанда, салалық  зейнет жасына жіберіп, орнына жас мамандары қабылдаса дейміз. Жеңіл жұмыста істеп жүрген елудегі кісі мен теміржолдың өндірісінде еңбек ететін ер кісілерді салыстырсаңыз, айырмашалық бірден байқалады. Олардың денсаулығы ерте сыр береді. Бізде 1959 жылғы Әбдіқадыров деген әріптесіміз зейнетке шығарда 6-7 жыл қалғанда аяғы қатты ауырып,  медициналық тексеруден өте алмады.  Вагондар жылдамдығын реттеуші еді. Жұмыс тәртібіне сай жүре алмайтын болған соң, жеңіл жұмысқа өтініш берген. Теміржолда жеңіл жұмыс жоқ қой. Сол кісі қанша жыл ауыр жұмыс істесе де, зейнетке шыға алмай кетті, – дейді еңбек қорғау инженері.

Динар МЕЙІРМАН, Шымкент

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки