Жездінің жайы жақсырақ

Бұрын тұйық станция саналып келген Жезқазған  2012 жылдан бастап Елбасының тапсырмасымен Жезқазған-Сексеуіл – Бейнеу теміржолының салынуымен тораптық және транзиттік станцияға айналды. Бүгінде шығыс пен батысты жалғап жатқан ұлы жолдың бойындағы станцияда жүк ағыны жылдан жылға арта түсуде.

Станция бастығы қызметіне жақында ғана келгенмен, оның тыныс-тіршілігімен бұрыннан таныс, 20 жылдық тәжірибесі бар теміржолшы Ислам Айқынбековтің айтуынша, бүгінде станциядан айына 13000-нан астам жүк вагоны қатынап тұр.

–Біздің станция арқылы еліміздің шығысынан батысына қарай, одан әрі Иран, Парсы шығанағына, керісінше, сол жақтан шығысқа, Достық станциясы арқылы Қытайға бағыт алатын жүктер саны бұрынғыдан екі есеге артты. Тәулігіне 8 пойыз, яғни 400-500 вагон жүк өтеді. Жолаушылар тасымалы бойынша биыл жыл басынан бері Қарағанды – Жезқазған пойызы жүріп тұр. Тұрғындардың сұранысына қарай ұлттық компания ұйымдастырған пойыз 8 вагоннан тұрады, күнара жүреді. Жүк жөнелтушілерге қызмет көрсетуде сапалы әрі жылдам жүк жеткізуді қамтамасыз ету үшін Жезқазған – Теректі станциялары аралығындағы 78 км жер биыл толығымен жаңартылып, күрделі жөндеу жүргізілмек, жол жаңарған соң осы аралықтағы жылдамдық сағатына 50 км-ден 90 км-ге дейін көтерілмек, – дейді станция бастығы.

Жезқазған – Бейнеу теміржолының салынуы батыс пен шығыс арасындағы ұзақ жолды едәуір қысқартты. Соған байланысты транзиттік контейнерлік жүк пойыздарының жартысы Жезқазған станциясы орналасқан жолмен қатынап жүр. Ислам Айқынбековтің айтуынша, Жездінің жағдайы күннен-күнге жақсарып келеді. Теміржолдың құрылымдық бөлімшелері өз алдына бөлек ашылып, ғимараттары көбеюде. Бұрын Жаңарқадағы дистанцияға қарайтын жолшылардың Жезқазғанда өз алдына бөлек дистанциясы ашылып, ғимараты биыл бой көтермек. Сол сияқты біртіндеп, ШЧ, ТЧ мекемелері де ашылады деп күтілуде. 90 адам қызмет ететін Жезқазған станциясында ұжым осындай түрлі шаруашылықтардың басын қауіпсіздік, сапалы қызмет барысында бір адамдай жұмылдырып отыр.

Ұлан ОРАЗ

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки