Дизельді генераторлармен толықты

Шұбарқұдық электрмен жабдықтау дистанциясына екі дизельді генератор жеткізілді. Осыған дейін жарықтандыру жағынан қиындық көріп келген мекеме электр қуатын сырттан тартып әлекке түспейтін болды.

Ақтөбе электрмен жабдықтау дистанциясының директоры Сәкен Орынбаевтың айтуынша, әсіресе, қыс мезгілінде жарық өшкенде энергия көзін қаладан тартуға тура келеді. Егер қалада жарық болмаса, Темір станциясынан тартуға мәжбүр болады. Қандыағашқа дейінгі аралыққа да электр көзін тарту оңай емес.

«Өзге телімде болған дизельді генераторларды Шұбарқұдық станциясына әкеліп орнаттық. Қиындық тудыратын екі жерде электрмен жабдықтау мәселесі шешімін тапты. Бұрын қыс мезгілінде 110 киловольт қуат кішірейіп, 35, кейде тіпті, 10 киловольтқа дейін төмендеп қалатын. Кейде ол да болмай қалып, генераторды от алдыратын кездер болады»,– дейді Сәкен Орынбаев.

Жаңадан жеткізілген генераторлардың бірі Жарлы елді мекеніне қойылған. 75 квт-тық генератор «жүздікпен» ауыстырылды. Шұбарқұдыққа дейінгі аралыққа электр тарту мәселесі де шешімін тапқан.

Дистанция директорының айтуынша, Қандыағаш пен Сағыз станцияларының арасында екі бағытты желі тартылған, бір бағанда алты қатар сым орналасқан. Ал, басқа бағыттарда бір бағанда үш сымнан тартылады. Егер автоблокировка өшіп қалатын болса, аккумуляторлы резерв пайдаланылады. Дегенмен, аккумулятордың қуаты барлығына жете бермейді. Сондықтан, дизельді генераторлардың көмегіне жүгінуге тура келеді.

Сәкен Орынбаев Әйтеке би мен Никельтау телімдерінде де резервті желілердің іске қосылғанын жеткізді. Электрмен жабдықтау дистанциясы директоры орталық электрмен жабдықтау департаментіне қарасты мекемелер арасында алдыңғы қатарда тұрғанын мақтанышпен айтып берді.

«Жұмыс көрсеткіші жағынан дистанциялар арасында үшінші орындамыз. Осы жылдың үшінші тоқсанының көрсеткіші бойынша қызметкерлерімізге ынталандыру мақсатында сыйақылар берілетін болды», – дейді Сәкен Орынбаев.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки