Тексеру құрылғысының пайдасы

Шымкент вокзалына өткен жылдың маусымында келгенмен, қыркүйек айында іске қосылған телевизиялық рентген құрылғысының (NUCTECH tm CX100100TI) жұмысы қандай нәтиже беруде екенін анықтауға тырысқан едік.   

 «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «ӘТЖК» АҚ арасындағы келісімшартқа сай Алматы мен Астанада ақпан мен сәуір айларында, ал қалған он үш облыстың вокзалдарында жаздың басынан қолданысқа енгізілген тексеру құрылғысын халық әртүрлі қабылдады. Біреулер дұрыс көрсе, біреулер бекерге уақыт алады деп шағынданды.  

 Бүгінде осы жұмысқа басшылық етіп жүрген Қанатбек Рамашевтың айтуынша, құрылғының Шымкентке ерте келгенімен, кейін қосылуының себебі лицензияның кешігуінен екен. Яғни, теміржол аталған құрылғыны пайдалану үшін лицензияны үш айдан соң алған. Сондықтан, Шымкент вокзалында телевизиялық рентген құрылғысы 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап іске қосылды. Үш ай бойы қолға арналған детектор құрылғысымен тексеріп жүрген алпыс маманды Астанадан халықаралық әуежайдан әріптестері келіп, оқытып, сертификат берген.

–Өткен жылғы қыркүйектен желтоқсанға дейін алты дерек тіркелді. Қарашаның тоғызында Нұриддин Қасымов деген жолаушының сөмкесінен Калашников автоматы табылды. Өзі аңға жиі шығады екен. Автомат тәркіленіп, Шымкент станциясындағы ЖІІБ жіберілді. Тексере келе, рұқсаты бары анықталды, бірақ алып жүру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл төледі. Екінші дерек маусымда тіркелді. Артур Сагудинов деген Өзбекстан азаматы біздің елде алып жүруге болмайтын діни кітаптармен ұсталды. «Бхагавад-гита как она есть»деген отыз дана кітабын Өзбекстанға алып өтпекші болған. Шымкент вокзалында тексеру құралынан өтеді деп ойламаса керек. Бұл жолы да тәртіп сақшылары кітаптарды біздің елде алып өтуге тиым салынғанын түсіндіріп, әкімшілік шара қолданды. Қыркүйекте Абылайхан Кенжебеков деген жолаушы газды суық қарумен  ұсталды. Міне, осының бәрі тескеру құрылғысының пайдасы емес пе?! Телевизиялық рентген құрылғысында барлық зат анық көрінеді. Сөмкенің қай бұрышында қандай ыдыс, қай бұрышынды қандай киім жатқанына дейін. Әдетте жігіттер төбелескенде, қолдарына киіп алатын, төрт саусаққа киілетін корсет қорғану құралын екі рет тәркіледік. Ол затты да алып жүруге тиым салынған. Шымкентке жарысқа келген футболшы орыс қыз қорғану үшін ала келіпті. Бірақ, бұл әрекетінің заңға қайшы екенін білмеген. Оны да желілік ішкі істер бөліміне өткізіп,  қыз әкімшілік айыппұл төледі. Кәдесыйлық пышақтар де бірнеше рет ұсталды. Оны қорапсыз сөмкеге салып жүруге болмайды. Пышақтың қалыңдығы, ұзындығы, ойық тұсының бары мен жоғына дейін тексеріледі. Өйткені, ойығы болса, ол суық қаруға жатады. Соның бәрін өлшеп, тексеріп барып өткіземіз. Әйтпесе өтіп жатқан пышақтар көп. Жәй ғана жолаушының өзі нан, ет кесу үшін пышақ алып кетеді,– дейді Қанатбек Қарсыбайұлы.

Шымкент вокзалынан тәулігіне 14 мыңға дейін, он күнде 140  мың жолаушы мен шығарып салушы, билет алушы өтеді екен. Миллионға жуық халқы бар қала десек те, вокзал қалаға келетін жолаушыларға тарлық етуде. Алдағы уақытта қайта жөндеуден өтіп,  вокзал  үлкейіп, жолаушылар емін-еркін өтпек. Сонда бүгінгідей бірнеше пойыз қатар келгенде немесе кеткенде тексеру құрылғысының айналасына халық топырлап, кептеліс болмайтын болады. Сонымен қатар 2018-2019 жылдары сыныптан тыс Арыс станциясы мен туристер көп келетін Түркістан станцияларындағы воказалдар да  осы тексеру құралымен жабдықталуы  мүмкін. Демек, тексеру құрылғысының пайдасын көрген соң осылай шешім қабылданса керек.

Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Шымкент

 

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки