Жаңа вокзал қайдан салынбақ?

Маңғыстауда жергілікті билік жаңа теміржол вокзалын қайдан салу керектігін ойластыруда. Бұл істе олар «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесе отырып, бір шешімге келмек.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов қалалық әкімдікке өзге де құзыретті органдармен бірге темір жол вокзалы құрылысын жүргізетін орынды анықтауды тапсырған көрінеді. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімінің халықпен кездесу жиынында сөз болған. Облыс әкімінің айтуынша, жаңа вокзалды Ақтау өндірістік аймағынан салу керек, яғни темір жол вокзалы қарқынды дамып келе жатқан Ақтау шаһарының маңызды нысанына айналуы қажет деп санайды.  «Вокзалдың қалаға жақын болғаны керек. Теміржолшылардың барлық талаптарын ескере келе, осы ғимаратты қай телімнен салатынымызды тез арада анықтаңыздар», – деген әкім тапсырмасына орай  Маңғыстау темір жолы өздерінің атынан үш телімді ұсынып отырғандарын мәлімдеді. Дегенмен олар соңғы шешімді жергілікті биліктің өзі қабылдайтынын да айтты.

Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі директорының вокзал шаруашылығы бойынша орынбасары Рустам Тухтиев осыған орай:  «Біз ұсынған үш телім мыналар: біріншісі, бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан Тамақ бекеті, бұл облыс орталығынан 21 шақырым жерде жатыр, оны қалалықтар алыс көруде. Болмаса қаладан қашықтығы 15 шақырым болатын «Р» бекетінен салуды айттық. Үшіншісі, 15,3 шақырымдағы қазіргі ескі Маңғыстау станциясын сүріп тастап, орнына жаңасын салу. Бірақ біздің жаңа вокзал салудағы ойымыз, жолаушылар пойыздарын жүк пойыздарынан бөліп әкету еді. Яғни, ескі вокзал тек жүк пойыздарына қызмет етіп, жаңа вокзал жолаушыларға арналмақ»,– деді.

Аталған телімдер теміржол бойында орналасқан ең бір қолайлы орындар. Дегенмен соңғы сөзді билік өзі шешпек. Өйткені, жер өздерінікі. Ал вокзал қашан және қандай қаражатқа салынады? Оны да алдағы уақыт көрсетеді.

Райхан РАХМЕТОВА

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки