Сегіз қырлы, бір сырлы

Ұлттық компания жас теміржолшыларды  жан-жақты дамытуға тұрақты күш салып келеді. Бүгінде КТЖ-да білімді де білікті кадрларды баулу үшін сан түрлі жобалар жүйелі түрде жүргізіліп отырғаны – осының айқын дәлелі.  

Ақжайықтан арман қуып келген Мейірбек Рамазанов жеті жылдан бері Астанада қызмет етеді. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген Мейірбек Сатыбалдыұлы  Әскерилендірілген темір жол күзетінде күзетші боп еңбек жолын бастайды. Темірдей тәртіпті талап ететін теміржол саласында жұмыспен бірге қоғамдық шараларға да білек түре атсалысқан Мейірбек жастайынан айналысқан хоббиі спортты да тастамай,  нәтижесінде компания ұйымдастыратын түрлі сайыстарға қатысып, бақ сынайды. Сындардан сүрінбей өткен сыптай жігіт волейболдан алты мәрте чемпион атанады. Жұмысын да тиянақты атқаратын жас маман 2012 жылы «Үздік маман» атағын алады. Бүгінде Әскерилендірілген темір жол күзетінде менеджер болып қызмет етеді.

–«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жастарға барлық жағдайды жасап, барынша қолдау көрсетіп келеді. Әсіресе, әлеуметтік жағына көп көңіл бөледі. Дәстүрлі өткізіліп тұратын спорттық жарыстар мен жастар  форумы қанша жастың бағын ашты.  Ұлттық компанияда қызмет ететін кез келген жас өзін сенімді сезінеді. Мен осынау қолдау мен көмек үшін алғысымды білдіремін,–деді Мейірбек Сатыбалдыұлы.

Орда бұзар отызға келіп, өмірден өз орнын таба білген жас жігіт өткен жыл өзі үшін табысты болғанын айтады.  Жыл соңында қоғамдық жұмыстағы белсенділігі мен спорттық жетістіктері үшін «ҚТЖ»ҰК»АҚ персонал жөніндегі вице-президенті Н.Жапарқұлдың қолынан Алғыс хат алды.

–Жеткен жетістіктерім, табыстарым аз емес. Десе де қазақта «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» демекші, осы жылы жаныма жақын жартымды жолықтырып, екеу болсақ деген арманым бар. Ата-анама жақсы келін болатын жанды биылғы жылы жолықтырсам, – деп сырымен бөліскен Мейірбек   болашақ жарының  да осы салада жұмыс істегенін қалайтынын да жасырмады. – Кім біледі, мүмкін осылай қос теміржолшы бас қосып, болашақта бір династияның пайда болуына ықпал ететін болармыз,– деп күлген ол қалжыңның астарында бір шындықтың жатқанын жеткізді.   

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ

Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки